Аштық жариялаған Жыланбаевпен кездескен депутат Бапи оның жағдайы жақсы екенін айтты

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи түрмедегі марафоншы, тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан» партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевпен 12 қазанда кездесті, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

«Маратты суреттен болмаса өмірде көрген адам емеспін. Бірақ сол суретіне қарап та Facebook-та, әлеуметтік желіде шулатып жатқандай — «арықтап кетті, өлім алдында жүр» дегендей емес. Ширақ көрінеді. Көңіл-күйі, түр сипатының бәрі жаман емес. Дәрігерге қаралуға мұқтаждық жоқ дейді. Бірақ "экстремистік және террористік баптар бойынша мені заңсыз соттады. Сондықтан менде аштық жариялаудан басқа амал жоқ. Сондықтан ауық-ауық аштық жариялауға тура келеді" деді. Мен айттым “дұрыс, бірақ денсаулығыңызға әсер етпей ме?” десем, “аштық жариялаған кезде арықтап кетемін, (бірақ таза аштық емес, су, сұйықтық ішеді - ЕБ.), одан кейін тоқтатамын, қайтадан денсаулығымды дұрыстап аламын да, қайтадан жариялаймын», — деді депутат «Азаттық» радиосына.

Марат Жыланбаев депутатқа «Экстремистік және террористік баптар бойынша мені заңсыз соттады. Сондықтан менде аштық жариялаудан басқа амал жоқ» деген.

Аштық

Депутат Ермұрат Бапи Марат Жыланбаевтың жағдайы жаман емес екенін айтқан тұста, «Белсенділер экстремист емес» Telegram-арнасы оның 13 қазаннан бері ашық жариялап жатқанын жазды.

15 қазанда адвокат Денис Малюга мен бірқатар белсенді Степногорск түрмесіне барған. Адвокат Марат Жыланбаевқа кіріп шыққан. Ол Денис Малюгаға хат жіберу және алу құқығынан айырылып отырғанын, жүгіруге де рұқсат жоқ екенін айтқан.

Бұдан бөлек, Жыланбаев түрме әкімшілігіне құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға (түрмеге кіру үшін) сенім хат беруді сұрап, бірнеше рет өтініш жазған. Бірақ әлі күнге дейін жауап аламаған.

Айыппұл салынған құқық қорғаушы

Биыл тамызда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина дереккөздеріне сүйеніп, әлеуметтік желіде Марат Жыланбаевтың аштықтан 45 келіге дейін салмақ жоғалтқанын, есінен танып қала жаздайтынын жазған.

Бұл ақпаратты қылмыстық-атқару жүйесі жоққа шығарған. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев оны «хайп» деп атаған.

31 шілдеде Алматы әкімшілік соты Бақытжан Төреғожинаны «Жалған ақпарат тарату» бабымен кінәлі деп танып, 78 мың теңге айыппұл салған. Ал құқық қорғаушы шешіммен келіспей, шешімді апелляцияға беретінін айтқан еді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары құқық қорғаушыға шыққан шешімді айыптады.

Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы 20 тамызда Қазақстанда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның қуғындалауын сынап, Қазақстан билігін заңсыздық туралы айтқан адамды емес, заңсыздықтың өзімен күресуге үндеген.