Қазақстанда коммуналдық тарифтердің өсуіне тыйым салынды

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті тапсырма берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық реформалардың теріс салдарын азайту шаралары туралы мәлімдеді.

ТАРИФТЕР

2025 жылғы 16 қазаннан бастап 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін барлық тұтынушы топтары үшін коммуналдық тарифтердің өсуі тоқтатылады. Тарифтердің өсуін тежеу табиғи монополия субъектілерінің операциялық шығындарын оңтайландыру есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарындағы жоспарланған жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Үкімет хабарламасында халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй көмегін көрсету механизмі жұмыс істейтіні атап өтілген.

ӨНІМДЕР

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында үкімет тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандырады. Осы мақсатта отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландыру екі есеге арттырылады. Министрлер кабинеті мүшелерінің пікірінше, бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің арзандауына алып келеді.