Келесі аптада АҚШ пен Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктері қатысатын кеңесте екі ел басшыларының кездесуін дайындау жоспарлануда. АҚШ делегациясын Мемлекеттік хатшы Марко Рубио басқарады, ал келіссөз өтетін нақты орын кейінірек анықталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы 2025 жылғы 16 қазанда Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Путинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін хабарлады. Трамп бұл әңгімені «ұзақ» деп сипаттап, Будапешттегі кездесудің нақты күнін атамады. Оның айтуынша, шенеуніктер арасындағы келіссөздерден кейін ол Путинмен Будапештте «келісілген жерде» кездесіп, Ресей мен Украина арасындағы «масқара» соғысты тоқтатуға тырысады.
«Қазір мен Президент Путинмен сөйлесіп жатырмын», – деп жазды Трамп бұған дейін Truth Social-да және әңгіме аяқталған соң оның мазмұнын жариялайтынын уәде етті.
Осы телефон қоңырауы кезінде Ақ үйдің баспасөз хатшысы Трамптың Владимир Путин мен Украина Президенті Владимир Зеленский арасында кездесу ұйымдастыру мүмкіндігіне әлі де сенетінін және бейбіт процеске ықпал етуге тырысатынын мәлімдеді.
Трамптың Путинмен сөйлесетіні туралы бұған дейін Axios басылымы аты-жөні аталмаған дереккөзге сілтеме жасап хабарлаған. Әңгіме тақырыбы – Украинадағы соғыс.
Ал Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің бейсенбі күні «кешкі уақытта халықаралық телефон арқылы сөйлесуі мүмкін» екенін айтты.
Дональд Трамп пен Владимир Путин Украина Президенті Владимир Зеленскийдің АҚШ-қа сапарының алдында бір күн бұрын сөйлесті. Бұған дейін Трамп пен Зеленский Украинаға Tomahawk алыс қашықтықтағы зымырандары мен басқа да қару-жарақ жеткізу мүмкіндігін талқылайтыны хабарланған. Путинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Трамп Зеленскиймен осы әңгімені және «тағы басқа көптеген мәселелерді» талқылайтынын жазды. Алайда Tomahawk зымырандарын жеткізу туралы нақты айтқан жоқ.
БІР АПТАДА ЕКІ РЕТ СӨЙЛЕСТІ
АҚШ пен Украина президенттері 11 және 12 қазанда телефон арқылы сөйлесті. Зеленский бұл екі әңгімені «өте нәтижелі» деп атады. Axios деректеріне сүйенсек, 11 қазандағы сөйлесуде Tomahawk зымырандарын жеткізу мәселесі қозғалған.
«Біз көріп, естіп отырмыз: Ресей АҚШ бізге Tomahawk бере ме деп қорқады. Бұл – дәл осындай қысым бейбітшілікке ықпал етуі мүмкін деген белгі», – деді Зеленский.
Трамп 14 қазанда журналистермен сөйлескенде Украинадағы соғысқа байланысты Путинге деген көңілі қалғанын тағы да білдірді. Ол Ресей Президентінің неге соғысты жалғастырып жатқанын «білмейтінін» айтты: «Ол төрт жыл бойы бір аптада аяқталуы тиіс болған соғысты жүргізіп келеді. Ол бір жарым миллион сарбазынан айырылды». Трамптың пікірінше, бұл қақтығыстың жалғасуы Путинді «өте жағымсыз жағдайда» көрсетіп отыр.