Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) қаржы тапшылығына тап болды. Бұл жағдай ұйымның әлем бойынша жүргізіп жатқан бітімгерлік миссияларының жұмысына елеулі қауіп төндіріп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мүше мемлекеттердің жарна төлеудегі кідірістеріне байланысты БҰҰ патруль санын азайтуға, далалық кеңселерін жабуға және мыңдаған әскери қызметкерді елдеріне қайтаруға дайындалып жатыр.
БҰҰ Бас хатшысының бітімгерлік операциялар жөніндегі орынбасары Жан-Пьер Лакруа қазіргі қаржылық дағдарысты «бұрын-соңды болмаған деңгейде ауыр» деп сипаттады. Оның айтуынша, елдердің төлемдері 2025-2026 жылдарға арналған бекітілген бюджеттен айтарлықтай төмен қалып отыр, бұл Қауіпсіздік кеңесі мандаттарының орындалуына қауіп төндіріп жатыр.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш барлық миссияға шығындарды 15% қысқартуды және әскери мен азаматтық персоналды шамамен 25% азайтуға дайындалуды тапсырған. Бұл шаралар азаматтарды қорғаудан бастап логистика мен әуе қолдауына дейінгі негізгі бағыттарға әсер етпек.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, биыл тамыз айында АҚШ президенті Дональд Трамп БҰҰ бітімгерлік операцияларын қаржыландыруға бөлінген шамамен 800 миллион долларды біржақты түрде қысқарту туралы шешім қабылдаған болатын.