Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қазіргі күрделі әскери-саяси жағдайда ұйымның күштері жоғары дайындықта болу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
20 қазан күні Тәжікстанда ҰҚШҰ-ның екі бірдей оқу-жаттығуы – «Бұзылмас бауырластық-2025» және «Бөгет-2025» басталды.
“Бұзылмас бауырластық” оқу-жаттығуы “Фахрабад” полигонында өтіп жатыр. Мұнда ҰҚШҰ-ға мүше мемлекет аумағында бейбітшілік орнату операциясын дайындау және өткізу тәжірибесі пысықталуда.
Ал «Бөгет-2025» жаттығуы коалициялық әскерлердің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
- Қиын әскери-саяси жағдайда және өңірлік тұрақсыздық кезінде ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштері ұйымның жауапкершілік аймағында да, БҰҰ мандаты бойынша оның аумағынан тыс жерлерде де бейбітшілік операцияларын өткізуге әрдайым дайын болуы тиіс, – деді Тасмағамбетов.
ҚАТЫСУШЫЛАР
Жаттығуларға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь және Тәжікстан қарулы күштері қатысуда. Сонымен қатар ҰҚШҰ Біріккен штабы мен Хатшылығының жедел топтары да жұмылдырылған.
Жалпы саны – 1500-ге жуық әскери қызметші және 200-ден астам техника, оның ішінде 6 тікұшақ пен 20-дан астам ұшқышсыз ұшу аппараты қатысып жатыр.