Астанадағы жеке клиникада мұрын қалқасын түзетуге арналған жоспарлы операция қайғылы жағдаймен аяқталды — 59 жастағы әйел көз жұмды. Бұл — соңғы айларда тіркелген бірнеше оқиғаның бірі ғана. Лицензиясыз жұмыс істейтін клиникалар мен өзін хирург санайтын мамандардың көбейгені қоғамда үлкен алаң тудырып отыр. Мемлекеттік органдар тексеруді тек адам өлімі немесе шағым түскеннен кейін ғана бастайтынын мойындайды. Ал бұл кезде бейқам пациенттер өз денсаулығын тәуекелге тігіп, «сұлулықтың» құны кейде өмірмен өлшеніп жатыр.
СҰЛУЛЫҚТЫҢ КӨЛЕҢКЕСІ: ӨЛІМГЕ ӘКЕЛГЕН ПЛАСТИКАЛЫҚ ОТАЛАР
Астанадағы жеке клиникалардың бірінде мұрын қалқасын түзетуге арналған жоспарлы операциядан кейін 59 жастағы әйел көз жұмды. Марқұмның ұлының айтуынша, анасының тыныс алуы қиындап, хирургиялық көмек қажет болған. Сол себепті ол аталған клиникаға жүгінген. Алайда операция сәтсіз аяқталып, әйелдің өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Марқұмның ұлының сөзінше, дәл осы дәрігер бұған дейін 22 жастағы қызға риносептопластика жасап, ол науқас алты ай жансақтау бөлімінде жатқан. Қайғы жамылған отбасы дәрігердің кәсіби міндетін тиісті деңгейде орындамағанын айтып, оны қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.
ДМС ӨЗДІГІНЕН ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗЕ АЛМАЙДЫ
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, көз жұмған пациент пен жансақтау бөліміне түскен науқасқа ота жасаған дәрігердің бір адам болуы әзірше белгісіз. Бұл жағдай әлі тексеріліп жатыр.
Ведомство дерегінше, марқұмға операция 3 маусымда жүргізілген. Тексеру барысында клиниканың сол уақытта медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы болмағаны анықталған. Медициналық мекеме мемлекеттік лицензияны тек 17 маусымда, яғни науқас қайтыс болғаннан кейін ғана алған. Бүгінде орталықтың лицензиясы жойылды.
-Мекеме басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда медициналық көмек көрсету нәтижесінде пациенттің өлімі тіркелгендіктен, материалдар құқық қорғау органдарына берілді. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің қай сатыда екенін біз түсіндіре алмаймыз — бұл біздің құзыретімізге кірмейді. Біз мемлекеттік орган ретінде жеке тұлғаларды емес, денсаулық сақтау субъектілерін ғана тексереміз. Жауапкершілік мекеме басшысына жүктеледі», — деді Комитет төрағасының орынбасары Нұрлан Айманов.
Тексеру нәтижелері бойынша материалдар құқықтық баға беру және іс жүргізу шешімін қабылдау үшін Астана Полиция департаментіне жіберілген.
Ал, 28 сәуірде дәл осындай ота жасатып, 6 айға жансақтау бөліміне түскен пациент бойынша клиника тәуелсіз сараптамалық комиссия құруы тиіс еді. Алайда мекеме бұл талапты орындамаған. Аймановтың айтуынша, клиника бірнеше рет «комиссияны кейін құрамыз» деп уәде беріп, түрлі хаттар жолдаған. Бірақ қазан айына дейін мәселе шешілмеген.
-Риносептопластика операциясы жасалып, әйел адам комаға түскен. Кейін ол Ұлттық шұғыл медицина орталығына жеткізіліп, бүгінге дейін сонда ем қабылдап жатыр. Маусым айында комитетке екі шағым түсті. 9 және 26 маусымда. Екеуінде де арыз иелері денсаулыққа зиян келтірілгенін көрсеткен-деді.
ТРОМБ ҮЗІЛІП КЕТТІ - АДВОКАТ
Бишімбаевты қорғап белгілі болған адвокат Ерлан Ғазымжанов бұл іс бойынша айналысып жатыр. Ол әлеуметтік желіде бұл жағдайға байланысты пікір жазды. Оның түсініктемесінде әйелдің өліміне тамырда пайда болған қан ұйындысының үзіліп кетуі (тромб) себеп болған. Марқұмда бұрыннан тромб болған және ол операция кезінде немесе кейін үзіліп кеткен болуы мүмкін.
Сондай-ақ адвокаттың айтуынша, марқұмның ұлы бұл жайт туралы толық ақпарат бермеген.
-Операцияға дейін анасы УЗИ-ден өткен, бірақ тромб анықталмаған. Мұндай жағдайда дәрігер кінәлі деуге болмайды, себебі тромб кез келген уақытта үзілуі мүмкін, — деп жазды ол.
Ерлан Ғазымжанов сонымен қатар бұған дейінгі 22 жастағы пациентке қатысты оқиғада хирург емес, анестезиолог кінәлі болғанын және ол қазірдің өзінде жауапқа тартылғанын атап өтті.
ЛИЦЕНЗИЯСЫЗ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖҮРГЕНДЕР АЗ ЕМЕС
Лицензиясыз пациент қабылдап, қолына пышақ алып жүрген «дәрігерлер» аз емес. Адвокат Әсем Күшенова өзінің клиентіне қатысты істің мән-жайын баяндады. Оның айтуынша, оқиға ақпан айында Астанада болған. Бойжеткен құлағына жасалған сәтсіз отаның салдарынан қайтадан шұғыл операцияға мұқтаж болған.
— Бұл іс мамыр айынан бері қаралып келеді. Біз Фармакологиялық бақылау департаментіне бірнеше рет жүгіндік. Нәтижесінде ведомство дәрігер операция жасаған клиникаға қатысты тексеріс ашты. Алайда дәрігер бұл клиникада ресми түрде жұмыс істемеген, тек жалдаған кабинетінде ота жасаған, — дейді Күшенова.
Оның сөзінше, дәрігер жауапкершіліктен жалтарып, байланысқа шықпаған.
— Ол бізбен кездесуден, жазбаша жауап беруден бас тартты. «Менде ақша жоқ, ештеңе төлей алмаймын» деді. Бірақ клиника басшылығы өз еркімен шығып, клиентімнің шығынын өтеді. Осыдан кейін біз клиникамен татуласу келісімін жасадық, — деді адвокат.
Алайда ота жасаған дәрігердің өзіне қатысты ешқандай жаза қолданылмаған. Тексеру нәтижесінде оның операция жүргізуге лицензиясы болмағаны анықталды.
— Сонымен қатар әр екі-үш ай сайын басқа клиникалардан кабинет жалдап, сол жерде ота жасайтын болған, — дейді Күшенова.
ЖӘЙДАН-ЖӘЙ ТЕКСЕРІС ЖІРГІЗБЕЙДІ
Қазақстан аумағында хирургиялық бағытта қызмет көрсететін 3416 медициналық мекеме жұмыс істейді. Олардың ішінде 262-сі пластикалық хирургиямен айналысады.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Аймановтың сөзінше, мемлекеттік орган тек заңды түрде тіркелген субъектілерді ғана тексере алады. Егер клиника ресми тіркелмесе, оның үстінен тексеріс жүргізу заң жүзінде мүмкін емес. Яғни, адам өлімі тіркелмей, оқыс оқиға орын алмай, адам денсаулығына зиян тимейінше ешкім олардың бар-жоғын білмейді.
-Маңыздысы — егер адамның лицензиясы болмаса, мемлекет ол адамды тексере алмайды, өйткені ол құқықтық кеңістікте мүлде тіркелмеген болып саналады. Мұндай жағдайлар әдетте азаматтардың шағымдары немесе төтенше оқиғалар кезінде ғана анықталады-деді.
Егер заңбұзушылықтар анықталған жағдайда Денсаулық сақтау министрлігі жоспардан тыс тексеру жүргізеді. «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 700-бабына сәйкес, мұндай жағдайда әкімшілік шаралар қолданылады. Жаза түрлері — қызметке берілген рұқсатты кері қайтарып алу немесе оның күшін жою. .
Жыл басынан бері комитетке 36 шағым түскен. Оның 14-і бойынша әкімшілік айыппұл салынған, ал қалғандары Қылмыстық кодекс аясында тексеріліп жатыр. Бірақ, ведомство бірде-бір өлім тіркелмеді дейді.
Десе де, бұл көрсеткіш тек комитетке тікелей шағымданушылардан ғана. Іс жүзінде білімсіз дәрігерлерлерден жапа шеккендер көп болуы мүмкін. Себебі, мұндай косметологиялық және пластикалық оталардың басым бөлігі жеке клиникаларда жасалады, ал олардың біразы статистикалық есепке мүлде енбейді.
ПЛАСТИКАЛЫҚ ХИРУРГИЯ СӘН БЕ ӘЛДЕ ТӘУЕКЕЛ МЕ?
Соңғы жылдары Қазақстанда пластикалық хирургия саласы қарқынды дамып келеді. Егер 2015 жылы елде бар болғаны елуге жуық пластикалық хирург болса, бүгінде бұл көрсеткіш мыңнан асып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш жоғары көрінгенімен, халықтың сұранысына сай келмейді. Себебі қазір пластикалық ота жасату күнделікті құбылысқа айналды. Мәселен былтыр, 3 мыңнан астам операция жасалған. Мұрын, қабақ, омырау, бет тарту — ең жиі жасалатын операциялар.
Пластикалық хирургия саласында пациенттердің басым бөлігі – әйелдер. Алайда соңғы жылдары ерлер де өз келбетін түзетуге жиі жүгінетін болған.
Баға қолжетімді: мысалы, Кореяда қабақ пластикасы шамамен 3 мың доллар тұрса, Қазақстанда — небәрі 700 доллар. Арзан баға мен жеңіл қолжетімділік көп адамды ойланбастан ота үстеліне жатқызатыны анық.
ОТА АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫСЫМ
Пластикалық хирургтар пациенттерді сақ болуға шақырады. Дәрігер Данияр Байбосыновтың сөзіне сүйенсек, клиниканың лицензиясын, дәрігердің сертификатын сұрау маңызды. Сондай ақ, келісім-шарттағы тараптардың жауапкершілік бөлімін мұқият оқу керек. Сондай ақ, мамандар арзан қызметке де қызықпауға шақырды. Өйткені лицензиясыз дәрігерлер мен көлеңкелі кабинеттер көбейіп барады.
Психолог Назым Ибрагимқызының айтуынша, адамның сыртқы келбетін өзгертуге деген ұмтылысы көбіне ішкі қабылдаудың бұзылуымен байланысты.
-Біз әлеуметтік желілер заманында өмір сүріп отырмыз. Экраннан идеал жүздер мен денелерді көріп, өзімізді солармен салыстырамыз. Бұл өз-өзіне деген сенімсіздікті күшейтеді. Адам сыртқы өзгеріс арқылы ішкі жарасын жасыруға тырысады, — дейді маман.
Сұлулыққа ұмтылу — табиғи нәрсе. Бірақ ол ақылмен, жауапкершілікпен және кәсіби дәрігердің бақылауымен жасалуы керек.
КӨРШІ ЕЛДЕ ЖАҒДАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ДЕҢГЕЙДЕ КӨТЕРІЛДІ
Ресейде бұл тақырып қазір мемлекеттік деңгейде талқыланып жатыр. Мемлекеттік дума депутаты Султан Хамзаев әйелдерге пластикалық операциялар мен косметологиялық процедураларды ресми түрде тыйым салуды ұсынды. Оның ойынша, әйелдер бір-біріне ұқсап кеткен, ал пластика қоғамның «моральдық деградациясына» әкеліп отыр.
Бұл жағдай Ресейде резонанс тудырып, халықтың пікірі екіге бөлінді. Бірі — «жасанды сұлулықтан шаршадық» десе, екіншісі — «әйел денесіне мемлекет араласпауы керек» дейді.
Ал, біздің елде, әрине, мұндай тыйым салу мәселесі қаралып жатқан жоқ. Алайда, құзырлы органдар дәрігердің лицензиясы мен кәсіби құжатын тек қайғылы жағдай тіркелгеннен кейін ғана тексеретіні-көпшілікті қынжылтады. Яғни алдын алу емес, салдармен күрес жүреді.
Бүгінде лицензиясыз пышақ ұстап, адам тағдырын шешіп жүрген «дәрігерлердің» бары ешкімге жаңалық емес. Бұл — саланың ашық құпиясы іспетті.