Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте журналистер жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиевтен «Digital Bridge – 2025» форумының құны мен тиімділігі туралы сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Форумның қаржыландырылуы
Досжан Мұсалиевтің айтуынша, форум жеке қаржы есебінен ұйымдастырылған, сондықтан министрлік оның бюджетін жариялай алмайды.
- Халықаралық Digital Bridge форумы толығымен демеушілердің қаражаты есебінен өткізілді. Демеушілермен жасалған келісімшарттарға сәйкес, бұл ақпаратты жария етуге болмайды. Бірақ форумның нәтижесін қазірдің өзінде сезініп отырмыз – 40-тан астам меморандум мен түрлі келісімдерге қол қойылды. Көп адам қатысып, форумның ерекше атмосферасын сезінді, – деді вице-министр.
Оның пікірінше, мұндай іс-шаралар Қазақстанның инвесторлар үшін тартымды ел ретіндегі беделін нығайтады.
Байланыс мәселесі
Мұсалиев форум барысында туындаған байланыс проблемаларына да түсініктеме берді.
- Биыл қатысушылар саны рекордтық көрсеткішке жетті. Бұрын форумға жыл сайын орта есеппен 6–10 мың адам келетін болса, биылғы алғашқы күні-ақ 35 мыңнан астам адам қатысты. Бұл байланыс желілеріне үлкен салмақ түсірді, – деп түсіндірді ол.
Вице-министрдің айтуынша, қиындықтың тағы бір себебі – қатысушылардың мобильді құрылғылары бір-бірінің сигналдарын қабылдап, деректерді дұрыс жеткізуге кедергі келтіргені.
Алайда ол бұл мәселені елеулі проблема деп санамайтынын, өйткені қатысушылардың бәріне тегін Wi-Fi қолжетімді болғанын айтты.
Форум туралы
Астанада Digital Bridge – 2025 халықаралық форумы өтті. Қатысушылардың айтуынша, биыл іс-шараға кіру ақылы болғанына қарамастан, сессияларға кезек бұрынғыдан да ұзарып кеткен.