«39 миллиард бар» : МӘМС қорына байланысты қып-қызыл дау туды

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Мәжіліс отырысында қып-қызыл дау туды. Депутат Таңсәуле Серіков пен Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры басқармасының төрағасы Айдын Құлсейітов жоспарлы операциялардан бас тарту жағдайына қатысты пікірталас жүргізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Серіков бір мысал келтірді: бір азаматқа шұғыл түрде кардиостимулятор орнату қажет болған. Құрылғы сатып алынғанымен, операция бірден жасалмаған – қорда қаражат болмаған.

«Қазанда 40 млрд бөлінді, ал жоспар – 147 млрд теңге. Қалғаны – жыл соңына дейін. Жыл соңында халықты жаппай операцияға жатқызу басталмай ма? Қаражатты тез игеру үшін. Бұл мәселені заң жобасы арқылы реттеуге бола ма? Операция – бұл шұғыл ем. Пациент МӘМС-те ақша жоқ деп бір-екі күн күте алмайды», – деді депутат.

Айдын Құлсейітов жауап ретінде қазіргі таңда ешкімге жоспарлы көмек көрсетуден бас тартылмайтынын айтты. Тамыз айында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жоспарланған шаралардың 80%-ы орындалғанын жеткізді.

«Бізге белгілісі – жоспарлы, әсіресе шұғыл госпитализациядан ешкім бас тартпайды. Медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі бар. 1 қазандағы есеппен шамамен 190 млрд теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп, бірақ жағдай бақылауда. Операциялар бойынша игеру жүріп жатыр, кассалық үзіліс жоқ. Иә, желтоқсанда жоспарлы госпитализациялар саны көп болады, бұл дәстүрге айналған. Бірақ төсек қоры мен ұйымдардың өткізу қабілеті жеткілікті», – деді Құлсейітов .

Алайда депутат кассалық үзілістер жоқ деген пікірмен келіспеді.

«Шілдеде кохлеарлы имплант бойынша жоспарлы госпитализацияға өтініш түсті. Әлі күнге дейін операция жасалған жоқ. Неге? Себебі ақша жоқ», – деді ол.

Ал МӘМС қорына жауапты маман «қордың шотында қазіргі таңда 39 млрд теңге бар»  деп ақталды. 

Депутат әріптесінің сөзін Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов растап МӘМС қорына қатысты шешілмеген сұрақтардың өте көп екенін алға тартты.