Жапонияның жаңа премьер-министрі туралы не белгілі?

Сырым Қаржас
milliyet.com.tr

Жапония парламенті либерал-демократиялық партияның жетекшісі Санаэ Такаитиді елдің жаңа премьер-министрі етіп сайлады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Абэнің ізбасары

64 жастағы Санаэ Такаити - бұрынғы премьер-министр Синдзо Абэнің шәкірті әрі Маргарет Тэтчердің саяси ұстанымдарын жақтайтын тұлға ретінде танылған. Оның ел басшылығына келуі жапон қоғамында, әсіресе әйелдер арасында, түрлі пікір тудырды. Көпшілік оны гендерлік теңдіктің жеңісі деп санамайды, себебі Жапонияда патриархалды дәстүрлер әлі де басым.

Консервативті көзқарас

Санаэ Такаити өз көзқарастарымен белгілі консерватор. Ол әйелдердің тұрмысқа шыққаннан кейін қыз кезіндегі тегін сақтауға, біржынысты некеге және әйелдердің тақ мұрагерлігіне қарсы.

Экономика және салық саясаты

Экономика саласында Такаити Синдзо Абэ жүргізген «Абэномика» бағытын жалғастырады. Бұл саясат ақша-несие саясатын жеңілдетуді, мемлекеттік шығындарды арттыруды және құрылымдық реформаларды қамтиды. Сондай-ақ ол АҚШ-пен жасалған сауда келісімін қайта қарау қажеттігін айтқан. Сонымен қатар, консервативті ұстанымына қарамастан, сайлауалды бағдарламасында балалар өсіріп отырған отбасыларға салықтық жеңілдіктер мен балабақша ұсынған компанияларға ынталандыру шараларын енгізуді ұсынған.

Бейжіңге қарсы саясат

Такаити Қытайға қарсы ұстанымымен және Тайваньды қолдауымен де ерекшеленеді. Бұл оның премьерлігі кезінде Жапония мен көршілес елдер арасындағы қатынастарға қалай әсер ететіні туралы сұрақ тудырып отыр. Ол Жапонияның пацифистік конституциясын қайта қарауды қолдайды және бұрын Ясукуни ғибадатханасына барған.

Жеке өмірі

Санаэ Такаитидің жеке өмірі де назар аударарлық. Ол бір адаммен екі рет некеге тұрған, ал екінші некеде жұбайы оның тегін қабылдаған. Такаити ауыр рок музыкасын жақсы көреді, барабанда ойнайды және жастық шағында мотоцикл мінгенді ұнатқан.