Трамп Қазақстанның қазба байлығынан дәмелі

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстанның Қарағанды облысындағы вольфрам кен орындарына қатысты келіссөздерге қатысып жатыр, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

ОҚ-ДӘРІ; СНАРЯД ӨЗГЕ ДЕ ӘСКЕРИ ТЕХНИКАЛАР

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Трамп әкімшілігі Cove Kaz Capital компаниясының Пентагон үшін оқ-дәрі, снаряд және өзге де әскери техника өндіруге қолданылатын стратегиялық маңызды вольфрам кен орындарына қол жеткізу мүмкіндігін талқылап жатыр.

Жобаны қаржыландыруды АҚШ Сауда министрлігі мен бірқатар инвестициялық қорлар қамтамасыз етуі мүмкін. Агенттік мәліметінше, Қарағанды облысындағы ұзақ мерзімді өндіруге жарамды екі ірі кен орны қарастырылып отыр.

БӘСЕКЕЛЕСТІК

Ақпарат көздерінің дерегінше, дәл осы кен орындарына Қытай да қызығушылық танытып отыр — қытайлық мемлекеттік компаниялардың бірі нарықтық бағадан жоғары ұсыныс жасауға дайын екені айтылған.

«Осылайша, Қазақстан АҚШ пен Қытай арасындағы геоэкономикалық текетірестің жаңа алаңына айналды. Бұл жағдайда вольфрам сирек кездесетін металл ғана емес, жаһандық саясаттың стратегиялық құралына айналып отыр», — делінген жарияланымда.

БҰҒАН ДЕЙІН

Халықаралық сарапшылар жер қойнауын пайдалану келісімшарттарының жабықтығына, табыс пен бенефициарлар туралы мәліметтердің ашық еместігіне және азаматтық қоғамның тау-кен саласын басқаруға қатысу мүмкіндігінің шектеулі екеніне назар аударған.