«Шоттарым бұғатталды» - жасанды интеллектпен видео жүктеген азаматтың басы бәлеге қалды

Ілияс Бақыт
Видеодан скриншот

Қазақстандық әлеуметтік желіде жасанды интеллектің көмегімен жасалған видео жүктеп басы бәлеге қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Азатыққа" сілтеме жасап.

АЙДОСТЫҢ “ЖАСАНДЫ” ВИДЕОСЫ

Айдос Еділ OpenAI компаниясының Sora дейтін құралын пайдаланып, несие алмауға үгіттейтін видео жариялаған. Видеода көне гректер заманынан бері танымал киім үлгісін киген шашы ұзын кейіпкер азаматтарды несие алмауға шақырады. Банк бөлімшесіне ұқсайтын мекемеде kaspi деген жазу мен қызыл домалақ логотип көрінеді. Жасанды видеоның жасанды кейіпкері Kaspi.kz компаниясының басшысы Михаил Ломтадзенің атын атайды.

"Қазақтар, несие мен бөліп төлеуді қояйық. Мұның бәрі күнә, Құдайдан қорқыңдар. Бәрің Миша Ломтадзенің қармағына іліндіңдер, тым кеш болмай тұрып ояныңдар", – дейді ол.

Қазанның ортасында TikTok желісінде жарияланған бұл видео төрт күнде 600 мыңға жуық көрілім жинап, қызу талқыға түскен. Көп өтпей, Айдосқа өзін Kaspi Bank өкілімін деп таныстырған азамат хабарласып, видеоны өшіріп тастауды талап еткен. Айдос телефондағы диалогтың бір бөлігін жазып алып, өз аккаунтында жариялады. Айдос ол адамнан телефон нөмірін қайдан алғанын, не себепті TikTok-тағы контент жөнінде Kaspi Bank хабарласып тұрғанын сұрайды. Қоңырау шалушы Айдосқа "Сіз TikTok-қа видео жүктедіңіз ғой?" деп сұрақ қояды.

Осы диалогтан кейін Айдос Kaspi Bank-тегі есепшотының бұғатталғанын анықтаған. Ал банк бұғаттау себебін түсіндірмеген. Сөйтіп Айдос осы банктегі ақшасын ала алмай қалған.

Айдос TikTok желісінде тағы бір мәлімдеме жасап, Kaspi-дегі есепшотының бұғатталу себебін және қоңыраудың не үшін шалынғанын сұраған. Бірақ банктен ешқандай реакция болмаған. Сосын ол өз жағдайын Threads әлеуметтік желісінде түсіндіргеннен кейін желі қолданушылары оқиғаны резонансқа айналдырды. Пікір білдірушілер арасында "бұл – құзыретін асыра пайдалану" екенін, "сотсыз бұғаттау шешімін шығару заңсыз" екенін жазғандар болды. Осыдан соң Kaspi жауап беруге мәжбүр болған. Банк өкілі алдымен Айдос жариялаған мәлімдеменің астына тексеру жүріп жатқанын, бұғаттау шешімі қате болғанын жазған.

"Шынымен, жарияланған [бейнероликке] қатысты біздің қызметкерлер сізге хабарласты. Алдын ала бағалау бойынша оның мазмұны ҚР заңнамасына қайшы келуі ықтимал болды. Біз Kaspi тарапынан да, клиенттеріміз жағынан да әрдайым заңның сақталғанын қалаймыз. Бұғаттау туралы шешімді қабылдау қате болған және қазір ол күшін жойды. Қосымшаны пайдалану мүмкіндігі қайта қалпына келтірілді. Біз қосымша тексеру бастамасын көтердік және мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін міндетті түрде шаралар қабылдаймыз. Түсіністік танытқаныңызға рақмет", – деп жазды Kaspi өкілі.

Айдос несие алмайтынын, табысын үнемдеп, керегін есептеуге үйренгенін айтады. Бұған дейін ол жасанды интеллектінің көмегімен түрлі әзіл аралас видеоларды жариялаған. Осы жолы ол қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық мәселені көтергісі келгенін айтады. Ал банктің әрекеті мұндай болады еш күтпеген.

САРАПШЫ ПІКІРІ

Республикалық адвокаттар алқасының мүшесі Қасымхан Ұлықбеков банкте сот қаулысы болмай есепшотты бұғаттауға құзырет жоқ еді дейді. Ол бұл істе Қазақстан заңнамасындағы "тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заң, құзыретін асыра пайдалануды болдырмайтын азаматтық кодекс ережелері мен "табиғи монополиялар туралы" заң бұзылған дейді.

– [Қазақстанда] құзыретті асыра пайдалануға заңмен тыйым салынған. Нарықтағы үлесің жоғары, әрі басымдыққа ие болсаң, соған сай тиісті түрде әрекет етуің керек. Қарапайым тілмен айтқанда, осы бейнероликке Kaspi-дің жауабы компания беделіне бастапқы роликтің әсерінен де үлкен нұқсан келтіруі ықтимал, – дейді заңгер.

Айдостың өзі мұны сөз бостандығын цифрлық құралмен шектеуге талпыну деп бағалап отыр. Оның сөзінше, оған бейнероликті өшіруді талап етіп хабарласқан азамат жеке нөмірден қоңырау шалған.