Еуразиялық банктің директорлар кеңесінің төрағасы болып Шухрат Ибрагимов тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) оның кандидатурасын осы лауазымға ресми түрде мақұлдады. Енді Ибрагимов банк стратегиясын айқындап, корпоративтік басқарудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға жетекшілік етеді.
- Мен үшін Еуразиялық банктің негізін қалаушылар белгілеген идеяларды дамыту – үлкен мәртебе. Үздіксіздік рухын сақтай отырып, біз банктің нарықтағы позициясын нығайтып, клиенттердің сенімін және акционерлердің капиталын арттыруға ниеттіміз, – деді Шухрат Ибрагимов.
Сонымен қатар, директорлар кеңесінің құрамына жаңа мүшелер – Жанбота Бекенова мен Ерлан Мусин енді.
ИБРАГИМОВ ТУРАЛЫ
Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының ресми басшысы – Шухрат Әлиджанович Ибрагимов. Ол директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директор (CEO) қызметін қатар атқарады.
Ибрагимов ERG компаниясында он жылға жуық уақыт еңбек етіп, қарапайым қызметтен бастап басқару құрылымының ең жоғары деңгейіне дейін көтерілді. Ол компанияның стратегиялық жобаларын іске қосуда, соның ішінде Metalkol – әлемдегі ең ірі кобальт өндіру кәсіпорындарының бірін дамытуда маңызды рөл атқарды.