Ресей ұшақтары Литва әуе кеңістігін бұзды

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Ресей ұшақтары Литва әуе кеңістігін бұзды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Ресейдің Су-30 және Ил-78 ұшақтары Литва әуе кеңістігін бұзды. Бұл жөнінде Литва қорғаныс министрлігі мәлімдеді.

Оқиға Ресейдің Калининград облысына жақын Кибартай қаласы аумағында болған. Ұшақтар Литва әуе кеңістігінде шамамен 18 секунд болып, 700 метр аумағынан ұшып өтіп, Ресейге оралған.

Литваның қорғаныс министрлігінің айтуынша, «екі испан жойғыш ұшағы дереу әуеге көтерілген».

Литва президенті Гитанас Науседа сыртқы істер министрлігі Ресей елшілігінің өкілдерін шақырып, қарсылық білдіргенін айтты.  

Ал Ресей өз ұшақтарының Литваның әуе кеңістігін бұзғанын жоққа шығарды. Ресей қорғаныс министрлігі хабарламасында 23 қазанда «ресейлік жойғыш ұшақтар Калининград облысы аумағында жоспарлы оқу-жаттығу өткізгенін» жазған.

«Ұшақтар бағытынан тайған жоқ және өзге елдің шекарасын бұзбады» деп жазылған Ресей қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Ресей бұған дейін де Эстонияның әуе кеңістігін бұзғанын мойындамаған.