Алматы әкімі Дархан Сатыбалды кеңейтілген аппараттық жиын өткізді. Онда қаланың аудандарын абаттандыру, инфрақұрылымды дамыту және қалалық қызметтердің сапасын арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жобалау кезеңіндегі қателіктер
Жиында әкім жобаларды жоспарлау сапасын сынға алды. Ол жобалау кезінде қайталанып келе жатқан жүйелі қателіктерге назар аударып, бұл жағдайдан әбден жалыққанын айтты.
– Әр жиналыста бір сөзді қайта-қайта айтуға тура келеді. «500 үйдің 200-і жобада ұмытылып кеткен, желілер тартылмаған» деп өздеріңіз айтасыздар. Өткенде жол үш қабатты болады дедіңіздер, ал жобада бес сантиметрлік бір қабат қана көрсетілген. Енді қайтадан кірісіп жатырмыз. Логикаларыңызды түсіне алмадым. Егер сол кезде бәрі дұрыс ойластырылмаса, неге бірден құрылысты бастадыңыздар? Алдымен жобаны түзетіп алып, содан кейін бастау керек еді. Ал қазір не болды? Жолды бұзып тастадық, енді барып мәселені түсініп жатырмыз, түзету енгізу керек, жұмысты тоқтаттық, қарашаны күтіп отырмыз. Болды, жетеді енді. Екінші, үшінші ай қатарынан айтып келемін: қателесуді доғарыңдар. Бұл жай қателік емес, әдейі істегендей әсер қалдырады, – деді Сатыбалды.
Әкімнің айтуынша, қаланы абаттандыру жұмыстары алғашқы кезеңнен-ақ мінсіз болуы тиіс.
– Адамдар Райымбек даңғылында бәрі қазылып, жүруге де, жүру былай тұрсын, өтуге жағдай жоқ екенін көреді. Бәрін бұзып тастадық та, отырмыз күтіп. Мұндай жобалар тұрғындардың наразылығын туғызады. Сосын әр жаңа бастамаға жұрт қарсы шығатын болады, өйткені халықтың шыдамы таусылады. Мен мұнда бар болғаны үшінші ай жұмыс істеп жатырмын, қазірдің өзінде жалығып біттім, шынымды айтсам, – деді ол.
КОНТЕКСТ
Тамыз айында Дархан Сатыбалды қаладағы жолдар, тротуарлар мен инженерлік желілердің жағдайын апта сайын тексеруді тапсырған болатын. Сонымен қатар, әкім қалалық қызметтер «проактивті» режимде жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті.
Жыл соңына дейін инженерлік желілерді қайта жаңарту, жарық шамдарын ауыстыру және жаңа жарық бағаналарын орнату жоспарланған.