Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
– Қазақстан осыдан 35 жыл бұрын Егемендік декларациясын қабылдап, жаңа дәуірге қадам басты. Тарихи құжатта халқымыздың өз болашағын дербес айқындау құқығы нақты көрініс тапты. Сол арқылы бостандықтың байрағын көтеріп, заманауи мемлекет құруымызға жол ашылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің осы жылдар ішінде жүріп өткен күрделі жолына тоқталып, тәуелсіздіктің саяси және экономикалық негізі нығайғанын атап өтті.
– Біз Тәуелсіздігіміздің саяси-экономикалық тұғырын бекіттік, шекарамызды айқындап, оны бүкіл әлемге таныттық, жаңа астанамызды салдық. Сондай-ақ жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайту, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолында зор жетістікке қол жеткіздік. Қазақстан салиқалы әрі сындарлы сыртқы саясатының арқасында өзінің ұлттық мүддесіне адал, халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет ретінде қалыптасты, – деді ол.
Президент алда тұрған міндеттердің де ауқымды екенін айтып, Әділетті Қазақстан құру жолындағы реформалардың маңызын атап өтті.
– Біз қазіргі алмағайып замандағы орасан сын-қатерлерге қарамастан, барлық азаматқа бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Саясаттағы, экономика мен әлеуметтік саладағы реформалар Отанымыздың өсіп-өркендеуін қамтамасыз етіп, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруды көздейді, – деді ол.
Тоқаев ел халқына зор денсаулық, бақ-береке және мол табыс тіледі.