Қазақстанның халық әртісі, әнші Роза Рымбаева Жаңаөзен, қаңтар оқиғалары туралы ойын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Роза Рымбаева наразы жұмысшылар ең әуелі қызмет ететін мекемесіне барып шағымданатынын атап өтті.
- Ол мекеме тыңдамағаннан кейін басшылыққа барып айтады. Олар тыңдамаған соң алаңға шығады. Ол болмаған соң Астанаға келіп айтады. Сонда тыңдаушы үкімет қайда? Бәрін естіп, біліп отыр. Менде сондай сұрақ туындайды. Еріккеннен ешкім шықпайды. Әділетсіздік болған соң халық шығады. Ол жерде қарапайым еңбек адамдары шығып жатыр. Сол жерде жұмыс істеп жатқандар, сырттан келгендер емес, – дейді Рымбаева Қанат Тілеуханға берген сұқбатында.
ЖАҢАӨЗЕН, ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ
2022 жылы 2 қаңтар күні Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында жүздеген адам сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден бірден 120 теңгеге қымбаттауына қарсы наразылыққа шықты. Артынша наразылық Қазақстанның бірнеше қаласына ұласты.
Ал 2011 жылдың 16 желтоқсан күні Жаңаөзен оқиғасы болды. Бұл Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында ереуілге шыққан жергілікті жұмысшылар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында болған қақтығыс.
Бұл оқиғалар тәуелсіз Қазақстанның 30-жылдық тарихындағы ең қарқынды әрі қатал қақтығысқа айналды.