Маңғыстауда неге газ жетпей жатыр? Министр түсіндірді

Динара Жарқынбек
ЖИ / ulysmedia.kz

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Маңғыстау облысында автогаз тапшылығының себебін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Министрдің айтуынша, мәселе өңірдегі газ құю бекеттерінің көбеюімен байланысты.

- Бұл – кешенді мәселе. Маңғыстау облысының ай сайынғы қажеттілігі шамамен 18 мың тонна. Бұрын өңірде 300 газ құю станциясы болса, қазір олардың саны 500-ге жетті. Ал жалпы бөлінетін газ көлемі өзгерген жоқ. Сондықтан әр бекетке бөлінетін мөлшер азайды. Кейбір АГЗС бір-екі күн жұмыс істеп, кейін жабылып қалады, – деді ол.

Сонымен қатар, министр аймақтағы автогаз қоры жеткілікті екенін атап өтті.

- Қазір Маңғыстау облысында екі тәулікке жететін қор бар. Зауыттар жұмыс істеп жатыр және газ қоры толығып отырады. Кейбір бекеттердің жабылуы – газ бөлінісінің қайта үлестірілуінен болып отыр, – деді Ақкенженов. 

КОНТЕКСТ

Бұған дейін Ақтау қаласында газ құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болып, тапшылық сезілді. Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік басқармасы бұл жағдайды Атыраудағы газ зауытында жүргізіліп жатқан жоспарлы жөндеу жұмыстарымен байланыстырған. 

Мекеме өкілдері жөндеу жұмыстары қазанның соңына дейін аяқталып, 1 қарашадан бастап газ жеткізу жұмысы  қалыпқа келетініне сендірді.