Мораторий аяқталған соң коммуналдық тарифтер қалай өзгереді?

Динара Жарқынбек
Ulysmedia.kz коллажы

Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов коммуналдық тарифтердің 2026 жылғы 31 наурызда аяқталатын мораторийден кейін қалай өзгеретіні туралы сұраққа нақты жауап бере алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Вице-министр қазір талдау жүріп жатқанын айтты. 

- Иә, 31 наурызға дейін коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізілді. Бағалар өспейді, бірақ жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр… Мораторий енгізілгеніне бар болғаны екі апта болды, қазір талдау жүргізілуде… Тарифтердің қаншалықты өсуі мүмкін екені әзірге белгісіз, – деді ол.

Вице-министр тұрғындардың мораторий аяқталған соң тарифтер күрт өседі деген алаңдаушылығын да жоққа шығарды. Оның айтуынша, мұндай жағдай міндетті емес – қазір арнайы есептеулер жүргізілуде. Ал тарифтерді реттеу мәселесі экономика министрлігінің құзыретінде.

КОНТЕКСТ

Айта кетейік, 16 қазанда Үкімет барлық тұтынушылар үшін коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізіп, оны 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін ұзартқан болатын. Осы кезеңде энергетикалық және коммуналдық кәсіпорындар жоспарланған жөндеу жұмыстарын кестеге сай аяқтауы тиіс.