Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы азаматтарды әскери қызметке жыл бойы шақыруды көздейтін заң жобасын үшінші, соңғы оқылымда мақұлдады. Құжат 28 қазанда қабылданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ ЖЫЛ БОЙЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ
Жаңа нормаға сәйкес, әскери комиссариаттар енді жыл бойы медициналық тексеру, психологиялық іріктеу және шақыру комиссиясының отырыстарын ұйымдастыра алады. Шақыру қағаздары (повестка) жыл бойы жіберіледі. Алайда әскери бөлімдерге жөнелту бұрынғыдай жылына екі рет – 1 сәуірден 15 шілдеге дейін және 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.
ЭЛЕКТРОНДЫҚ ШАҚЫРУҒА ЖАУАП БЕРУ МЕРЗІМІ ШЕКТЕЛЕДІ
Заң жобасының екінші оқылымында енгізілген түзетуге сәйкес, азамат электрондық шақыру қағазы мемлекеттік реестрге енгізілгеннен кейін 30 күн ішінде әскери комиссариатқа келуге міндетті. Қазіргі уақытта электрондық повесткалардың әрекет ету мерзімі шектеусіз.
ЗАҢ ҚАШАН КҮШІНЕ ЕНЕДІ
Құжатқа түсіндірме жазбада бұл өзгеріс әскери шақыру пункттеріндегі жүктемені біркелкі бөлуді және шақыру сапасын арттыруды көздейтіні айтылған. Мемлекеттік Думаның қорғаныс комитетінің төрағасы Андрей Картаполовтың айтуынша, енді әскери комиссариаттар «қайнаған мысық режимінде» жұмыс істемейді.
Заң жобасы бірінші оқылымда қыркүйек айының соңында, екінші оқылымда қазанның ортасында қабылданған. Барлық дауыс беру мен қол қою рәсімдерінен кейін заң 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп күтілуде.
КОНТЕКСТ
Ресейдің Украинаға толыққанды басып кіруінен кейін елде әскери қызметке шақыру ережелері біртіндеп күшейтіліп келеді. Атап айтқанда, бірыңғай әскери міндеттілер реестрі құрылып, электрондық шақыру қағаздары енгізілді.