Бейжіңде өзгенің туы астында сынға түскен қазақ қыздары жайлы не білеміз

Ulysmedia

Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиадада қазақстандықтар еліміздің намысын қорғаған спортшылар үшін ғана емес, өзге мемлекеттердің туы астында сынға түскен қазақ қыздары – конькиші Ақнәр Адақ пен биатлоншы Динара Алимбекова үшін де тақым қысты. Ақнәр Қытай намысын қорғаса, Динара Беларусь атынан бақ сынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Коллаж: әлеуметтік желіден

Желі қолданушыларын сұлу сымбатымен тәнті еткен Ақнәр Адаққызы – Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып-өскен этникалық қазақ. ХОК ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, ол 1999 жылы 1 маусымда дүниеге келген. Конькиші қыз Шыңжаң қыстық спорт түрлерін басқару орталығының атынан Олимпиадаға жолдама алыпты. Бастапқыда Ақнәр шорт-трек бойынша жарыстарға қатысып, 2018 жылдан бері конькимен жүгіру спортына ден қойған. 

Шалғайда жүрген қазақ қызының спорттағы дамуына қытайлық коньки спортының атасы Синь Циньшанның үлесі орасан. Ол алғашқы қытайлық Олимпиада чемпионы Ян Янның жаттықтырушысы ретінде белгілі. 2018 жылы қаңтарда Синь Шыңжаңға барып, сондағы спортшыларды шорт-трек пен конькимен жүгіру бойынша жаттықтырған. Бастапқыда әйгілі жаттықтырушы Ақнәрден жақсы нәтиже күтпеген.

 "Ол өз нәтижесін айтарлықтай жақсартты, бірақ оны спортта әлі де ұзақ жол күтіп тұр. Оның орташа уақыты 7:19,32. Сондықтан спортшыларымызды ұзақ қашықтықта әлем үздіктерін қуып жету үшін көп тер төгу керек", - депті  Циньшань Ақнәр жайлы. 

Қазақстандықтар күні кеше 15 шақырымдық жеке жарыста 5-орынға табан тіреген Беларусь биатлоншысы Динара Әлімбековаға да жанкүйерлік етті. Ол  әйелдер эстафетасында 2018 жылғы Олимпиада чемпионы, Беларусь ұлттық құрамасындағы Әлем кубогының қатысушысы, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, 2019 жылы аралас эстафетадан Еуропа чемпионатының қола жүлдегері. Беларусь Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.

Динара 1996 жылы Қарағанды облысы, Абай ауданында дүниеге келген. Әкесі қазақ, анасы белорусь, Евгений деген інісі мен Ульяна деген сіңілісі бар. Динараның үш жасында отбасы Беларусьқа көшіп барған.


Қаршадай қазақ қызы Чаусыдағы балалар спорт мектебінде спортпен шұғылдана бастайды. Ең алғаш рет шаңғы спортымен айналысты, 2008 жылдан бастап биатлонмен шұғылданады. Бала кезеңінен бастап Шипикова Мария Ивановна жаттықтырушы болса, жасөспірім кезінен бастап қазіргі уақытқа дейінгі жеке бапкері – Иванов Андрей Олегович. Динара 2008-2017 жылдар аралығында жасөспірімдер арасындағы ұлттық деңгейдегі жарыстарда бірнеше рет жеңімпаз атанды.