Зейнетақы ақшасына алынған үйді қайта сатуға тыйым салынбайды

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Отбасы банк ұсынған шектеу қабылданбады — зейнетақы жинақтарының артығын пайдаланып алынған баспананы қайта сату еркіндігі сақталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Банк біржолғы зейнетақы төлемдерімен жасалған операцияларды талдап, бір пәтердің бірнеше рет әртүрлі адамдарға сатылғанын анықтаған. Әр сатып алушы өз зейнетақы жинағының артығын пайдаланып, баспана алған.

«Мұндай әрекеттер заңды тікелей бұзбайды. Бірақ бұл жағдайлар зейнетақы қаражатын мақсатсыз пайдалану қаупін тудырып, тұрғын үй бағасының шынайы көрінісін бұрмалауы мүмкін. Осындай тәуекелдердің алдын алу үшін Отбасы банк біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалану ережелеріне өзгеріс енгізуді сұрап, министрлікке жүгінді. Банк бұл баспананы тек бес жылдан кейін ғана қайта сатуға рұқсат беруді ұсынды», – делінген хабарламада.

Алайда министрлік бұл ұсынысты қолдамады. Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалану бойынша ешқандай шектеу қарастырылмайды.

«Заң бойынша қандай жағдайда мүлікке шектеу қоюға болатыны нақты көрсетілген. Зейнетақы жинақтарының артығын пайдаланып алынған баспана бұл санатқа жатпайды. Сондықтан қазақстандықтар бұрынғыдай өз біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады. Барлық өтінімдер штаттық режимде қаралады», – деп қорытындылады Отбасы банк.

Айта кету керек, егер пәтер біржолғы зейнетақы төлемі арқылы және өтеу мерзімі бес жылдан асатын ипотекалық тұрғын үй несиесі есебінен сатып алынған болса, оны бес жыл ішінде қайта сатуға болмайды. Бұл ереже келесі жағдайларға қолданылмайды:

  • Ипотека туралы заңға сәйкес кепіл ұстаушының кепілдегі мүлікті сатуы;
  • Сот шешімімен заңнамада белгіленген тәртіппен мүлікті сату.