Ақжарқын Тұрлыбай жазасын елде өтеуі мүмкін бе?

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Қазақстан мен Марокко арасында сотталғандарды өзара беру туралы келісім жасалды. Бұл құжаттың мақсаты – басқа елде сотталған азаматтардың жазасын өз отанында өтеуіне мүмкіндік беру. Отырыстан соң кулуарға шыққан Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтен журналистер Ақжарқын Тұрлыбай ісіне қатысты түсініктеме сұрады.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оның айтуынша, Қазақстан тарапы Ақжарқын Тұрлыбай ісін бақылауда ұстап отыр және Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортунаны экстрадициялау бағытындағы жұмысты жалғастыруда.

– Бұл іс пен өзге де істер біздің назарымызда. Біз бұл мәселені соңына дейін жеткіземіз. Қазір Интерпол іздеудегі азаматтың нақты орналасқан жерін анықтап жатыр. Ол белгілі болған соң, экстрадиция рәсімі басталады, – деді Ғалымжан Қойгелдиев.

Сонымен қатар ол, егер кейбір мемлекет тарапынан жауап кешіксе, Бас прокуратура дипломатиялық арналар арқылы еске салу хаттарын жолдайтынын айтты.
Сенатор Геннадий Шиповских те Ақжарқын Тұрлыбай ісіне тоқталып, келіссөздердің күрделі жағдайда өтіп жатқанын атап өтті.

– Ал Ақжарқын Тұрлыбай мәселесіне келсек, бұл тақырыпты бірқатар депутаттар үнемі көтеріп келеді. Менің білуімше, қазіргі уақытта еліміздің Бас прокуратурасы мен Сыртқы істер министрлігі осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Иә, келіссөздер оңай өтіп жатқан жоқ, себебі Қытайдың заңдары өте қатаң. Дегенмен, осыны ескере отырып, мәселе оң шешімін табады деп үміттенеміз. Тағы айта кетерлігі, әр елдің салты басқа, иті қара қасқа, – деді ол. 

КОНТЕКС

Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Қытайдың Гуанчжоу әуежайында ұсталып, есірткі тасымалдады деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді. Кейін ол Қазақстанда жазасын өтеуге ниет білдіріп, ресми өтініш берген. Қазіргі уақытта Бас прокуратура мен Сыртқы істер министрлігі бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатыр.