Сенатта Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Атырауда өткен тойда бой көрсеткен бұрынғы Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның айтуынша, Хаменоваға сот шешімімен 3 жылға жазаны өтеуді кейінге қалдыру шарасы қолданылған.
– Мұндай кейінге қалдырулар әйелдерге қатысты заңда көзделген. Олар пробация қызметінен арнайы рұқсат алып, белгілі бір шараларға қатыса алады. Шілденің 16-сынан бастап Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді. Бұрын соттың құқығында болса, қазір белгілі талаптарға сай келетін әйелдерге кейінге қалдыруды қолдану – соттың міндеті, – деді Қойгелдиев.
Ол сондай-ақ мұндай жеңілдік ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға қолданылмайтынын айтты.
– Кейінге қалдыру шарасы ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша қолданылмайды. Мұндай қылмыстардың нақты тізімі бар: терроризм, экстремизм, ұйымдасқан қылмыстық топ құру немесе оған қатысу, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер. Бұл жағдайда жазаны кейінге қалдыру қарастырылмайды, – деді ол.
Бас прокуратураның мәліметінше, бүгінде 77 әйел жазасын кейін өтеуге өтініш берген, оның 10-ы қанағаттандырылған. Олар Хаменова секілді жазасын кейін өтейтін болады.
– Қазіргі уақытта еліміздегі түзету мекемелерінде 2200-ден астам әйел жазасын өтеп жатыр. Жүргізілген талдау нәтижесінде олардың 350-ден астамының жазаны өтеуді кейінге қалдыруға өтініш беруге құқығы бар екені анықталды. Сонымен қатар, 77 әйел осындай өтініш берген, оның 10-ы қанағаттандырылған, – деді ол.
КОНТЕКСТ
2021 жылғы 11 желтоқсанда Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталған еді. Кейін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталған экс-шенеунік Бақытгүл Хаменованың жақында ғана тойда көңіл көтеріп жүрген видеосы тарады. Желіде желдей ескен бұл бейнежазба қоғамда қызу талқыланып, көпшілікті таңғалдырды.