Жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты Шымкент мұнай өңдеу зауыты дизель өндірісін уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазанның 28-і күні Шымкент мұнай өңдеу зауыты дизель отынын өндіруді уақытша тоқтатты. Себебі — дизельді гидротазалау қондырғысында жоспарлы жөндеу жұмыстары басталды. ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасаған Reuters агенттігі бұл жұмыстардың 5-7 күнге созылатынын хабарлады.
ЖЕТКІЗУ
Мамандардың айтуынша, жөндеу кезеңінде шамамен 7 000 тонна көлеміндегі қор есебінен дизель отынының жөнелтілуі жалғасады.
МИНИСТРЛІК МӘЛІМДЕМЕСІ
[Жөндеу] ішкі нарыққа әсер етпейді, себебі ел бойынша дизель отынының қажеттілігін толық жабуға жеткілікті қор жинақталған, — делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қазақстанда жанармай бағасына қойылған шектеу көктемге дейін сақталатыны белгілі болған.
АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының құнын көтеруге қатысты шектеу келер жылдың көктеміне дейін күшінде болады. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, елімізде жанармай бағасы төмен болған жағдайда, оны шекара асырып заңсыз тасымалдау деректері жиілейді. Мұндай әрекеттер түрлі айла-шарғы арқылы жүзеге асырылады — отандық өнім шетелге шығарылып, кейін Қазақстанға қайта жеткізіліп, жоғары бағамен сатылады.