Қазақстанда 50 мыңнан астам жүк көлік жүргізушісі жұмыссыз қалды. Бұған шамамен 200 көлік компаниясының қызметі тоқтатылуы себеп болды. Оларды шетелге жүк көліктерін шығаруға қажет ШРБ-ні (шетелдік рұқсат бланкі) қолдан жасады деп айыптаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІ
Қаңтар айынан бастап Көлік министрлігі бұл бланктерді бұрынғыдай қолмен беруді тоқтатып, енді шешімді автоматтандырылған жүйе қабылдайды. Алайда жүргізушілердің айтуынша, жаңа жүйе енгізілгелі бері рұқсат алу тіпті мүмкін болмай қалған. Осы себепті кейбірі амалсыздан «қара нарыққа» жүгінген, мұнда бір бланктің бағасы ресми 4 мың теңгенің орнына 100 мың теңгеге дейін жеткен.
15 жылдық тәжірибесі бар жүк жүргізушісі Вячеслав Дзюба бұл жағдайдан кейін табыссыз қалғанын айтты.
– Бізде тапсырыс берушілермен келісімшарт бар. Жүк тасу үшін амалсыздан қара нарықтан құжат сатып аламыз. Кейін Көлік министрлігі тексеріс жүргізіп, бізді тасымалдаушы ретінде бұғаттады. 24 айға бұғаттады, яғни екі жыл жұмыссыз қалдық. Егер барлық қазақстандық тасымалдауш бұғатталса, жүкті көрші елдердің жүргізушілері тасиды. Олар тарифті көтереді, ал бұл тұтынушы бағасына тікелей әсер етеді, – деді ол.
Жүргізушілердің мәліметінше, бұғаттауға 200-ден астам компания мен 50 мыңдай көлік іліккен. Кейбір көлікті енді металлоломға өткізуге тура келеді, себебі VIN-коды бұғатталған техниканы сату мүмкін емес.
Тасымалдаушылардың айтуынша, осыншама жүк көлігінің тоқтауы тауар тапшылығына және бағаның өсуіне әкелуі мүмкін.
МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ
Көлік министрлігі жағдай бақылауда, ал баға өседі деген қауіп жоқ деп отыр. Ведомство өкілдерінің айтуынша, ИБР беру ережесін қатаңдату делдалдармен күрес үшін қажет. Ал бұғатталған компаниялар ШРБ талап етілмейтін бағыттарда жұмысын жалғастыра алады.
– Қытайға, Өзбекстанға және ЕАЭО елдеріне баруға тыйым жоқ. Ол жаққа бланк қажет емес. Бұғаттау кезінде олар сол елдердің жеткізушілерімен жұмыс істей алады. Егер біреуде қиындық туындаса, Көлік комитетіне хат жолдап, жеке қаралуын сұрай алады. Мүмкін, жүйе бір нәрсені байқамай қалған шығар, – деді Көлік және көлік бақылау комитетінің басқарма басшысы Ғани Салмаев.
Алайда жүргізушілер шенеуніктер рұқсат қағаздарының тапшылығын әдейі жасап отыр деп есептейді. Олар жағдайды тексеру үшін көлік прокуратурасына шағым түсірген.