Украинаға түнгі шабуыл: 130 дрон, 7 зымыран

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Ресейдің баллистикалық қару қолданған кешенді шабуылы салдарынан Украинадағы бірнеше облысқа соққы жасалды. Днепропетровск облысында 65 жастағы әйел қаза тапты, Харьков пен Николаевта жараланғандар бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Днепропетровск облысының Никополь қаласында ресейлік әскерлер ауруханаға науқасты алып бара жатқан жедел жәрдем көлігіне әдейі шабуыл жасаған. Үш медицина қызметкері жарақат алды, пациент аман қалған. Бұл туралы Украина ТЖМ хабарлады.

ОДЕССА МЕН ХАРЬКОВ

Одесса облысына екі толқыннан тұратын дрондармен жаппай шабуыл жасалды, деп мәлімдеді Telegram-дағы жазбасында өңірлік әскери әкімшіліктің басшысы Олег Кипер.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс белсенді жұмыс істеп, жаудың көп нысандарын жойды. Алайда азаматтық порттық және энергетикалық инфрақұрылымдарға соққы тиген. Өрт шықты, жол жабындысы, өндірістік нысандар мен жабдықтар бүлінді. Қуанышқа орай, қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ. Электр қуаты өшірілмеген, – деп жазды Кипер.

Харьков облысында ресейлік шабуылдар салдарынан алты адам зардап шекті, олардың екеуі – өрт сөндірушілер. Сонымен қатар үш жеке үй мен азаматтық инфрақұрылым нысанында өрт шыққан.

130 ДРОН ЖӘНЕ 7 ЗЫМЫРАН

4 қарашаға қараған түні Ресей Украинаға 130 дрон, алты С-300 зениттік зымыраны және бір «Искандер-М» баллистикалық зымыранын жіберді.

– Жау Ростов облысынан бір баллистикалық «Искандер-М» зымыранын, Курск облысынан алты С-300 басқарылатын зымыранын, сондай-ақ 130 Shahed, «Гербера» және басқа типтегі дрондарды қолданды, – деп хабарлады Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері Telegram-арнасында.

Дрондар Орел, Курск, Приморско-Ахтарск және аннексияланған Қырымдағы Чауда мүйісінен ұшырылған.

Қорғаныс күштерінің мәліметінше, Украина ПВО 92 дронды атып түсірген. 14 локацияда зымыран мен 31 соққы дронының тікелей тигені тіркелген.