Австрияда ресейлік тыңшы болуы мүмкін адам ұсталды

Сырым Қаржас
df.news

Австрияның барлау қызметі Ресей азаматына қатысты тыңшылық ісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

AFP агенттігінің мәліметінше, Австрияның мемлекеттік қауіпсіздік және барлау басқармасы Ресей азаматы елдің ағынды суларды тазарту жүйесіне енуге әрекеттенгенін растады. Тергеу мәліметтері бойынша, ол - Ресейдің әскери барлау қызметінің қызметкері.

2021 жылға дейін ол инженерлік салада жұмыс істеген және жалған құжаттармен Австрия мен басқа да еуропалық елдерге, соның ішінде Францияға, шамамен он рет барған. Тергеушілер оның Австриядағы VTA компаниясымен байланыс орнатқанын анықтады. Бұл компания ағынды суларды тазарту технологиясымен айналысады. Сонымен қатар, күдіктінің Ресейдегі осы аттас компаниялармен де байланысы болған.

DW мәліметінше, тіпті ресейлік арнайы қызмет Австрияның кәріз жүйесіне араласуды нақты жоспарламаған күннің өзінде, күдікті стратегиялық маңызы бар ақпаратқа қол жеткізген. VTA компаниясы өз технологияларын әлемнің түрлі елдеріне, соның ішінде Украинаға да жеткізеді. Тергеушілердің айтуынша, Ресей Украинада су инфрақұрылымын әдейі бұзумен айналысып келеді.

Австриялық VTA компаниясының негізін қалаушы Ульрих Кубингер фирманың Ресейдегі аттас компанияларға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ол екі апта бұрын ғана олардың бар екенін білгенін және бұл туралы полицияға хабарлағанын айтты.

AFP агенттігінің атап өтуінше, Еуропалық одақтың мүшесі болса да, НАТО-ға кірмейтін Австрия тыңшылыққа қарсы заңнамасының әлсіздігі үшін жиі сыналады. Сарапшылардың пікірінше, бұл елді ресейлік барлау қызметі үшін тартымды нысанға айналдырады.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін Германияда Ресейдің пайдасына тыңшылық жасады деп айыпталғандарға қатысты сот үкімі шыққан болатын.