Qazaq kuresi қауымдастығы: Мәсімовтің орнын кім басты

Ulysmedia

Qazaq kuresi ұлттық күрес қауымдастығының құрылтайшылары қауымдастықтың жаңа президентін сайлады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

Қауымдастықтың Instagram парақшасындағы ақпаратқа сүйенсек, жаңа басшы мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев болды. 

Самат Ерғалиев – еркін күрестен спорт шебері. "Ерен еңбегі үшін" медалі, "Дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға қосқан үлесі үшін" төсбелгісімен және "Ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін" Мемлекет басшысының алғыс хаттарымен марапатталған.

 

Қауымдастық 2020 жылдың қаңтарында Республикалық қазақ күресі федерациясы, Қазақ күресі халықаралық федерациясы және Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірігуі нәтижесінде құрылған. Бірлестікті сол кездегі ҰҚК төрағасы қазіргі уақытта қамауға алынған Кәрім Мәсімов басқарған. 

Qazaq kuresi қауымдастығының мақсаты – ұлттық спорт түрін республикалық және халықаралық аренада дамытып, Олимпиада бағдарламасына енгізу.