Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі білім мен талантты дамыту саласындағы халықаралық ұйым – ETS (Educational Testing Service) компаниясымен ынтымақтастық орнатқанын хабарлады. Бұл қадам Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҰБТ жаңа форматқа көшеді
Министрліктің мәліметінше, алдағы уақытта ҰБТ форматы өзгереді. Енді тестілеу тек академиялық білімді ғана емес, сонымен бірге өмірлік маңызды дағдыларды да бағалайтын жүйеге айналмақ.
Жаңартылған форматтың басты мақсаты – барлық талапкерлерге тең мүмкіндік пен әділ бағалау жүйесін қамтамасыз ету. Бұл үшін тест комбинациялары икемді, бағалау жүйесі бірыңғай, ал қолжетімділік — аймақ, мектеп немесе оқыту тіліне қарамастан тең болмақ.
Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар енгізіледі
– Жасанды интеллект технологияларын пайдалану, соның ішінде бейімделмелі тестілеу, автоматтандырылған бағалау және интеллектуалды аналитика әдістері тестілеу процесінің әділдігін, сенімділігін және объективтілігін арттырады. Барлық тест заманауи психометриялық әдістермен дайындалады, бұл олардың ғылыми негізділігін, дәлдігін және студенттер, жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер тарапынан халықаралық деңгейде мойындалуын қамтамасыз етеді, – делінген министрлік хабарламасында.
ETS – әлемдік деңгейде TOEFL және GRE сияқты тестілерді әзірлейтін жетекші ұйым. Қазақстанмен әріптестік аясында ҰБТ форматының сапасы мен сенімділігін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру көзделген.