"Балам далада 20 минут жатқан" - әскерде қаза тапқан сарбаздың анасы

Сымбат Сатыбалдина
Фото: Ulysmedia.kz

Астанадағы митингіде Айна Есбергенова марқұм ұлын әскерде әлдекімдер ұрып соққан соң қайтыс болғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Айна Есбергенова Астанаға Атырау қаласынан арнайы келген. 

- 2023 жылы 27 қарашада өз еркімен отан алдындағы борышын өтеуге кетті. 2024 жылы 9 сәуірде балам жүрек ауруынан қайтыс болды деген хабар келді. Өзім бардым. Баламды киіндіріп қойған. Үстінде сау жері жоқ. Соққы іздері болды. Үйіме алып келдім, жерледік. Жерлеген соң баламмен бірге әскерде болған достары келіп, баламды ұрып, өлтіргенін айтты. Балам далада 20 минут жатқан, ол кезде тірі болған. Ешқандай көмек көрсетілмеген. Балам сол жерде көз жұмған. Баламды ұрып өлтірген адамдар заң жүзінде жазасын алса екен деп әділдік іздеп отырған анамын, дейді ол. 

Оның сөзінше, оқиға көзімен көрген куәгерге қысым көрсетілген. Қазіргі уақытта куәгері Қызылорда облысында екен. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Астанада мүгедек болып қалған сарбаздың анасы Гүлмира Мұқажанова жанайқайын жеткізген еді

ҚАЗА ТАПҚАНДАР

Айта кетейік, әскери прокуратураның дерегінше, 2020 жылдан 2023 жылдың сәуіріне дейін елдің Қарулы күштерінде 270 адам қаза тапқан. Олардың ішінде 86 әскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсаған. Сондай-ақ 20 суицид жасау әрекеті тіркелген. Ал «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен бар-жоғы бір ғана адам сотталған.