Ауғанстанның Герат провинциясында тәліптер әйелдерге қатысты киім талаптарын тағы да қатайтты. Бұдан былай мектептегі барлық әйел-мұғалімдер паранджа киюге міндетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ресми шешім қалай қабылданды?
Afghanistan International басылымының хабарлауынша, өткен аптада Гераттың тәліптер тағайындаған губернаторы Нур Ахмад Исламджар ресми жиын барысында жаңа тәртіпті жариялаған. Оның бұйрығына сәйкес, паранжасыз ешбір әйел-мұғалім мектеп аумағына кіре алмайды.
Бұған қоса, Гераттағы мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлер арасында таратылған аудиожазбада департамент өкілдері әйелдерге паранжасыз сынып ішінде болуға да тыйым салынғанын ескерткен. Жарияланған фотоларда паранжа жамылған әйел-мұғалімдердің тобы мектеп ішінде тұрғаны көрінеді.
Шектеулер мектептен тыс жерлерге де жайылды
Amu TV телеарнасының мәліметінше, жаңа талап тек білім саласымен шектелмейді. Соңғы күндері паранжасыз әйелдерге провинциялық ауруханаға, орталық түрмеге, АХАЖ бөліміне, білім департаментіне, тіпті банктерге кіруге рұқсат берілмеген.
Куәгерлердің айтуынша, толық исламдық хиджаб киіп барған әйелдердің өзі бірнеше сағат бойы сыртта тұруға мәжбүр болған.
Әйелдердің шағымы: «Өмірді қиындатудың қажеті жоқ»
Гераттың бір тұрғыны Amu TV арнасына берген сұхбатында паранджа кимегені үшін АХАЖ ғимаратына кіре алмағанын айтты. Ол толық хиджабпен барғанына қарамастан, қызметкерлер оны қабылдамаған.
Тағы бір әйел провинциялық ауруханаға науқас туысын көре барғанда кіре алмағанын жеткізді. Оның айтуынша, тіпті толық жабық дәрігер әйелдердің де ауруханаға кіруіне тыйым салынған.
Халықаралық ұйым қызметкерлері де паранжа киюге мәжбүр
Жергілікті ақпарат көздері қазіргі уақытта «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының және Қызыл Жарты Ай қоғамының әйел қызметкерлері де өз кеңселеріне кіру үшін паранджа киюге міндеттелгенін растады.
Бұрынғы тыйымдар
Бұған дейін Гераттағы тәліптер басқармасы әйелдерге манто (пальто) киюге тыйым салып, тек намаздық шальды рұқсат етілген жалғыз киім деп белгілеген болатын.
Енді паранжа мұғалімдерге де, медицина қызметкерлеріне де міндеттелген соң, Гераттағы әйелдердің қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндігі одан әрі қысқаруда.