Берік Уәли әлеуметтік желідегі сын мен шағымдарды жеке өзі бақылайтынын айтты

Динара Жарқынбек
Фото: facebook

Абай облысының әкімі Берік Уәли әлеуметтік желілердегі парақшаларын өзі жүргізіп, тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстарын тікелей жеке өзі бақылап отыратынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Әкімнің айтуынша, әлеуметтік желілер бүгінде билік пен халық арасындағы басты байланыс құралына айналған.

– Мен өзімнің әлеуметтік желідегі парақшаларымды өзім жүргіземін. Қазір сіздердің алдарыңызда тұрып та, желілерді бақылап қоямын. Барлық жазбалар мен посттар – өзімнің қолымнан шығады. Халықтың әлеуметтік желіде көтеріп жатқан мәселелерін күн сайын қарап, өзім назарға аламын. Егер қандай да бір өзекті мәселе байқалса, оны дереу орынбасарларыма, басқарма басшыларына немесе аудан әкімдеріне жолдаймын. «Мынаны тез арада шешу керек» деген тапсырмаларды өзім беремін, – деді Берік Уәли.

Ол әлеуметтік желі арқылы халықпен кері байланыс орнатудың тиімді екенін атап өтті.

– Әлеуметтік желі – қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлігі. Сол арқылы біз тұрғындардың шынайы пікірін естіп, мәселелерге жедел әрекет ете аламыз. Бұл менің күнделікті жұмысымның бір бөлігі, – деді облыс әкімі.

Берік Уәлидің айтуынша, әлеуметтік желілерде көтерілген сын-ескертпелер мен ұсыныстар облыс әкімдігінің назарында және оларды шешу бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр.

Қандай мәселеге жиі шағым түседі? 

Берік Уәлидің айтуынша, өңір тұрғындарынан ең жиі түсетін шағымдар мен өтініштер жол инфрақұрылымына байланысты. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де жиі талқыланып, азаматтардың басты уайымына айналған.

– Халықтан келіп түсетін ең көп шағым – жол мәселесі. Себебі Абай облысының аумағы өте кең, елді мекендер бір-бірінен алшақ орналасқан. Сол себепті жолдардың сапасы мен қолжетімділігі – біздің басты басымдығымыздың бірі, – деді Берік Уәли.

Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары өңірде бірқатар ірі жол жобалары қолға алынғанымен, олардың кейбірі ұзаққа созылып кеткен.

– Мысалы, Майқапшағай–Қалбатау бағытындағы халықаралық жол құрылысы тоғыз жыл бұрын басталып, биыл ғана аяқталды. Жалпы ұзындығы 412 шақырымды құрайтын жолдың екі жүз шақырымы биыл пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді өңір басшысы.

Берік Уәли жол саласындағы кедергілерді жою және жобаларды мерзімінде аяқтау үшін бақылауды күшейткенін айтты.

– Құқық қорғау және қадағалау органдарымен бірлесіп, жол құрылысына қатысты кедергілерді шешу шаралары қабылданып жатыр. Негізгі мақсат – халықтың қауіпсіз әрі сапалы жолмен қатынауын қамтамасыз ету, – деп атап өтті облыс әкімі.