Неге кейбір дәрігерлер миллион алса, кейбірі тек 100 мың алады?

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Денсаулық сақтау министрлігі мен «СК-Фармацияда» медицина саласындағы топ-менеджерлер мен қатардағы қызметкерлердің жалақысындағы айырмашылыққа қатысты түсініктеме берілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Топ-менеджерлердің жалақысы

«СК-Фармацияның» қаржылық есептілігіне қарағанда, ұлттық компанияның топ-менеджерлері жалақыларын жыл сайын индексациялауға сене алады. 2024 жылғы деректерге сәйкес, компанияның негізгі басқарушы құрамы 147,2 млн теңге табыс тапқан, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18,5 млн теңгеге көп. Бұған қоса, компанияның бұрынғы басшыларының бірі өзінің айлық жалақысы 1,4 млн теңге екенін айтқан еді. «СК-Фармацияның» қазіргі басшысы Нұрлыбек Асылбеков өзіне жалақы айтарлықтай көтерілмегенін жеткізді.

– Жалақы шамамен сол деңгейде, 1,5 миллионның айналасында, сіз айтқандай 1,4–1,5 млн. Еңбекақы қорының шығыстары қосымша қызметкер тарту немесе олардың жалақысын көтеру себебінен өседі. Ал басқарма мүшелерінің жалақысы сол деңгейде, – деді Асылбеков.

Қарапайым дәрігерлердің жалақысы

Дәл осы уақытта әлеуметтік желілерде UMC – ірі медициналық холдингте жұмыс істейтін патологоанатом дәрігердің бір айлық еңбекақысы небәрі 120 мың теңгеден сәл асатыны көрсетілген скриншот талқыланды. Біз брифингке шыққан жоғары лауазымды медицина өкілдеріне квазимемлекеттік клиникалардағы қатардағы қызметкерлердің қолына небәрі 120 мың теңге алуы қалыпты жағдай ма, деген сұрақ қойдық.

– Шынымды айтсам, менің жеке пікірім: ол аз! Біз дәрігерлерге аз төлейміз. Жалпы дәрігерлік және медицина әлем бойынша ең жоғары жалақылы мамандықтардың бірі. Бірақ елдегі жағдайды ескеру керек, өкінішке қарай, қазір мүмкіндігімізден артық жалақы тағайындай алмаймыз, – деді ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.

Сонымен қатар ол Қазақстандағы барлық медициналық ұйымдардың ақылы қызмет көрсете алатынын және осының есебінен қызметкерлердің жалақысын көтере алатынын атап өтті. Одан бөлек, оның пікірінше, дәрігерлердің жалақысы қазақстандықтардың міндетті сақтандыру жүйесіне төлейтін жарналары артқан кезде көтеріледі.

Үлкен айырмашылық

Дегенмен, осындай айырмашылық қайдан шығады? Қатардағы медицина қызметкері 120 мың теңге алса, квазимемлекеттік компания басшысы миллионнан астам алады? Нұрлыбек Асылбеков бұл сауалды медициналық ұйым басшылығына қою керек екенін айтады.

– Аймақтық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы ретінде бұл жағдайды білемін. Айтқым келетіні – біздің медициналық ұйымдар негізінен шаруашылық жүргізу құқығындағы ұйымдар. Және қызметкерлердің жалақысы тікелей ұйым менеджментіне байланысты. Сондықтан мен жұмыс істеген кезде медбикелер мен дәрігерлердің жалақысы миллион теңгеге дейін жететін, – деді ол.

Денсаулық сақтау вице-министрі өз кезегінде Астанадағы нақты медициналық орталықтағы патологоанатом дәрігердің төмен жалақысына қатысты мәселені тексеруге уәде берді.

– Мүмкін бұл дәрігерде қандай да бір өзге ұсталынған төлемдер болған шығар, мен қарап шығамын. Бірақ жалпы жүйе бойынша дәрігерлердің медианалық жалақысы 400 мың теңгенің шамасында, – деді денсаулық сақтау вице-министрі.

Алайда осы уақытқа дейін әйелдің жариялаған мәліметі белгісіз себеппен өшіріліп үлгерген. Оған кем дегенде медианалық деңгейге жету үшін «ұмыт қалған» 300 мың теңгені толтырған болар деп үміттенеміз.

Әйелдің жеке өмірін құрметтей отырып, біз де оның деректерін жасырдық, алайда министрлік шынымен осы жағдайды тексергісі келсе, ол ақпарат редакцияда бар.