Әзербайжаннан ұшқан түрік әскери-транспорттық C-130 ұшағы Грузия аумағында апатқа ұшырады. Бұл туралы Түркияның Қорғаныс министрлігі хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ұшақ бортында экипажды қоса алғанда 20 түрік әскери қызметкері болған. Ведомствоның мәліметінше, іздестіру-құтқару операциясы Грузияның тиісті қызметтерімен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Грузияның Ішкі істер министрлігі апат фактісін растады және ұшақ Әзербайжан шекарасынан шамамен бес шақырым қашықтықта құлағанын нақтылады. Сондай-ақ олар ұшақтың апат алдында дабыл сигналын бермегенін және Грузия әуе кеңістігіне кіргеннен кейін бірнеше минуттан соң радарлардан жоғалғанын хабарлады.
КОНТЕКСТ
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоган болған жағдайға «ауыр қайғырғанын» айтты. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев те көңіл айтып, ұшақтың Гянджа қаласынан ұшып шыққанын жеткізді. Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликая өз әріптесі, Грузияның ішкі істер министрі Гела Геладземен телефон арқылы сөйлесіп, болған жағдайды талқылағанын мәлімдеді. Грузияның ішкі істер министрі апат орнына жол тартты.