Енді тауарды бөліп төлеп алсаңыз несие тарихыңыз бұзылуы мүмкін

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Енді тауарды немесе қызметті өз қаражаты есебінен бөліп төлеп сататын ірі компаниялар бұл мәмілелер жөніндегі ақпаратты несие бюроларына беруге міндеттеледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БӨЛІП ТӨЛЕУ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНАДЫ

Бұл өзгеріс енгізілген соң, азаматтардың бөліп төлеу арқылы жасаған сауда-саттық деректері де несие тарихына қосылады.

«Ручная экономика» Telegram-арнасындағы мәлімет бойынша, Сауда және интеграция министрлігі ірі сатушыларды бөліп төлеу мәмілелерін кредиттік бюроларға жіберуге міндеттейтін талап әзірлеп жатыр.

Министрліктің түсіндіруінше, мұндай шара қарыз жүктемесі туралы толық көрініс қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Басқаша айтқанда, бұрын несие бюролары тек банктік несиелер туралы ақпаратты білсе, енді азаматтардың бөліп төлеу арқылы жасаған барлық сатып алулары да сол тізімге кіреді.

Бұл өз кезегінде — қолданыстағы бөліп төлеу мәмілелері бар адамдар үшін жаңа несие алу мүмкіндігін қиындатуы мүмкін.

ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?

Дереккөздің хабарлауынша, Ұлттық банк тауарды бөліп төлеу арқылы сатып алуды реттеу қажеттігін бұған дейін де көтерген. Реттеуші мекеме мұны азаматтардың қарыз жүктемесін бақылау және тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында жасалып отырғанын айтады.

Қазір мұндай бөліп төлеу сатып алулары қарыз жүктемесінің жалпы коэффициентін есептеу кезінде ескерілмейді.

- Азаматтардың нақты қарыз жүктемесі туралы ақпарат — аса маңызды көрсеткіш, — деп мәлімдеді Ұлттық банк.