Құлаққаппен кіруге болмайды - бірнеше әуе компаниясы оған тыйым салды

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Daily Express дерегінше, Тайваньдық EVA Air, UNI Air және Tigerair, сондай-ақ Жаңа Зеландияның Air New Zealand компаниялары жолаушылар үшін жаңа ережелер енгізді: енді Apple AirPods секілді танымал сымсыз құлаққаптарды тіркелген багажға тапсыруға болмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

НЕГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Құлаққаптардың қуаттау қораптарында литий батареялары бар. Әуе компанияларының айтуынша, Bluetooth-құлаққаптар үнемі қуаттау режимінде болғандықтан, қызып кету және жану қаупі жоғары. Сондықтан оларды багаж бөліміне салуға қатаң тыйым салынды.

ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕР ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Жаңа тасымалдау шарттарына сәйкес, сымсыз құлаққаптарды тек қол жүгінде алып жүруге рұқсат. Жаңа Зеландияның азаматтық авиация басқармасы бұл талаптардың ел ішіндегі рейстерге де қатысты екенін растады.

«Иә, сіз AirPods немесе басқа сымсыз құлаққаптарды қол жүгімен алып жүре аласыз. Бірақ олар ешқандай жағдайда багажға тапсырылмауы тиіс», – делінген ресми мәлімдемеде.

Сондай-ақ, басқарма қол жүгінде 20-дан артық қосалқы аккумулятор немесе сыртқы батарея алып жүруге болмайтынын еске салды. AirPods қуаттау қорабы осындай аккумуляторлардың бірі ретінде есептеледі.

НЕГЕ БҰЛ МАҢЫЗДЫ

Құлаққаптар, пауэрбанк және басқа гаджеттерде қолданылатын литий батареялары зақымданған немесе қысқа тұйықталу жағдайында қатты қызып, тіпті жануы мүмкін. Ал багаж бөлімінде оларға қолжетімділік шектеулі болғандықтан, мұндай құрылғыларды сол жерде тасымалдау қауіп тудырады. Осы себепті әлем бойынша әуе компаниялары қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр.