Саакашвили Зеленскийден өзін Украинаға қайтаруды сұрады

Сырым Қаржас
© AP Photo / Irakli Gedenidze

Михаил Саакашвили Владимир Зеленскийге оны азаматтық тұтқын деп танып, Украинаның аумағына қайтаруды сұрап өтініш жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Ашық хат

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили бірнеше қылмыстық іс бойынша жазасын өтеп жатыр. Ол Украина президенті Владимир Зеленскийге арнап жазған ашық хатын Facebook-тегі парақшасында жариялады. Саясаткер өзінің Украина азаматы екенін еске салып, өзін «Грузияның ресейшіл билігі заңсыз ұстап отырған азаматтық тұтқын» ретінде таныуды сұрады.

- Өтінемін, мені осы соғыстың азаматтық тұтқындары тізіміне енгізіңіздер… Украина өз адамын тастамайтынын білемін, сізге сенемін, – деп жазды Саакашвили.

Айыптаулар және Украинаға қайтару туралы өтініш

Экс-президент Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғаннан кейін, 2022 жылдың наурызында түрмеде уланғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған қазіргі грузин билігінің өкілдері жауапты, ал ол билікті Саакашвили «ресейшіл» деп сипаттады.

- Менің қудалануым да, тағдырым да осы соғысқа тікелей байланысты. Мұны ресми түрде мойындауды сұраймын, – деді ол.

Емделуден кейін қайта түрмеге оралуы

12 қарашада Саакашвили «Вивамед» клиникасынан Рустави түрмесіне қайта жіберілді. Ол сол жерде жазасын жалғастырады. Дәрігерлер оның жағдайы қанағаттанарлық екенін және әрі қарай стационарлық емді қажет етпейтінін мәлімдеді.

Еске салайық, Михаил Саакашвили 2004–2013 жылдары Грузия президенті болды. Кейін Украина азаматтығын алып, Одесса облысының әкімі қызметін атқарды. Ол 2021 жылдың 1 қазанында Грузияға оралғанда ұсталып, бірнеше іс бойынша 12 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.