Ресей Орталық Азиядан жалдамалы әскер жинауын тоқтатар емес

Сырым Қаржас
rg.ru

Ресейлік жасақтаушылар ТМД елдерінде бұрынғы әскери қызметкерлерді белсенді іздеп, оларға айына 2000–3000 доллар жалақы уәде етуде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Хочу жить» жобасының мәліметінше, кандидаттар Ресейге шақырылады, бірақ уәде етілгендей Африкаға емес, алдымен оқу орталықтарына жіберіледі. Сол жерде оларға бір жылдық келісімшарт ұсынып, мерзім аяқталған соң 50 000 доллар төлеуге уәде береді. Жасақ бұрынғы құқық қорғау қызметкерлері мен әскерилер арқылы жүргізіліп жатыр.

– Кремль Қазақстан азаматтарын соғысқа тартуды жалғастыруда — әрі Қазақстан аумағында, әрі Ресейде тұрып жатқан қазақстандықтар арасында. Біз Ресей шақырып, өздеріне бөтен соғысқа қатыстырған 1000-нан астам қазақстандық туралы, олардың кемі 270-інің қаза тапқаны туралы хабарлағанбыз. Қоғамдағы резонанс пен уәделерге қарамастан, Қазақстанда жұмыс істеп тұрған, ресейлік жалдамалы жинайтын ауқымды әрі жақсы ұйымдасқан желі әлі тараған жоқ. Керісінше, Ресей өз армиясына қазақстандықтарды тарту қарқынын арттырды, – делінген жоба хабарламасында.

ЗАҢ

Қазақстанда жалдамалы әскерге қатысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Бөтен ел аумағындағы әскери іс-қимылдарға жалдамалы белгілерінсіз қатысу — 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Ал жалдамалылық үшін — 7 жылнан бастап өмір бойына дейін түрме жазасы қарастырылған, оған қосымша азаматтықтан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.

АШЫҚ ХАТ

Ulysmedia.kz Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысып, қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялағаннан кейін редакцияға ондаған қоңырау түсті. Хабарласқандардың арасында Ресейге табыс табу үшін кеткен, кейін майданға тартылған жас ер адамдардың туыстары бар.

Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаевқа ашық хат жолдады.