Украина vs Ресей: дрон шабуылы тоқтар емес

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Ресей тарапының мәлімдеуінше, Нововоронеж АЭС үстінен сегіз украиналық дрон атып түсірілген, олардың біреуінің сынықтары станция жабдықтарын зақымдаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Росатом» бас директоры Алексей Лихачев Украина 13 қарашаға қараған түні Нововоронеж атом электр станциясына дрондармен шабуыл жасауға тырысты деп айыптады. Бұл туралы ол 14 қараша, жұма күні Калининградта Халықаралық атом энергиясы агенттігінің директоры Рафаэль Гроссимен кездесуден кейін мәлімдеді.

«Екі күн бұрын түнде шамамен сегіз дрон Нововоронеж АЭС бағытына жіберілді, бұған ешқандай күмән жоқ. Барлығы залалсыздандырылып, атып түсірілді», – деді Лихачев.

Ал Воронеж облысының губернаторы Александр Гусев шабуыл салдарынан станцияның қосалқы электр жабдықтары зақымданғанын айтты. Ресей Қорғаныс министрлігі 13 қарашаға қараған түні Воронеж облысы үстінен 20 дрон жойылғанын хабарлады.

«Нововоронеж үстінде  сегіз дрон жойылып, басып тасталды. Олардың біреуінің құлаған сынықтары станция маңындағы электр жабдықтарын бүлдірді», – деп жазды Гусев. Оның айтуынша, бірнеше энергоблок автоматты түрде желіден ажыратылған. Тағы бір энергоблок штаттық режимде толық қуатпен жұмысын жалғастырған. «Қазіргі уақытта барлық энергоблоктардың жұмысы қалпына келтірілді», – деді ол.

ҚАЗАН АЙЫНДА

Украиналық дрон Нововоронеж АЭС-тің градирнясына соғылған болатын. «Росатом» агенттігі ол кезде дрон техникалық құралдармен басып тасталып, градирнямен соқтығысқаннан кейін жарылғанын мәлімдеген. Жарияланған кадрларда соққыдан қалған күйе ізі көрінген.

Гросси мен ұйым өкілдері «Росатоммен» кездесуден кейін Нововоронеж АЭС-ке шабуыл туралы ешқандай ақпарат таратқан жоқ. Украина тарапы да бұл айыптауларға пікір білдірмеді.

Нововоронеж АЭС Дон өзенінің жағасында, Воронежден 45 км оңтүстікте орналасқан. Бұл – Воронеж облысының ең ірі электр энергия жеткізушісі. Облыстағы барлық электростанциялар өндірісінің 92 пайызы осы АЭС-ке тиесілі.