Енді жолдамамен тегін тексеруден өтуге болады

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы базасында Біріңғай республикалық үйлестіру орталығы құрылды. Бұл орталық пациенттердің қымбат зерттеулер – позитрон-эмиссиялық және компьютерлік томографиядан жылдам өтуіне көмектеседі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Үйлестіру орталығы кезектерді басқарып, жабдықтардың жүктемесін бақылайды. Медициналық ұйымдарға пациент ағынын тиімді бөлуге жәрдемдеседі.

«Кезек күту уақытын қысқартып, ел тұрғындарына зерттеулерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді», – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.

Жүйе бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен, онкологиялық орталықтармен және республика бойынша ПЭТ/КТ жүргізетін 10 клиникамен жұмыс істейді. Орталықта жұмыс істеу үшін 734 дәрігер оқытылған.

Енді пациентке қай жерде тексеруден өту керектігін өз бетінше іздеудің қажеті жоқ – бұл міндетті Біріңғай орталық атқарады.

ПЭТ/КТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, ПЭТ/КТ – бұл позитрон-эмиссиялық томография мен компьютерлік томографияны біріктіретін күрделі зерттеу түрі. Ол онкологиялық аурулардың орналасуын молекулалық деңгейде анықтауға және патологияны ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

ПЭТ/КТ-ҒА ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛУҒА БОЛАДЫ?

  • Емдеуші дәрігерден жолдама алыңыз.
  • ЕРКЦ колл-орталығына қоңырау шалыңыз: +7 (702) 075-15-00 немесе 8 (7172) 69-55-00.
  • Оператор жолдаманы тексеріп, бос орын бар ең жақын клиниканы тауып, ыңғайлы уақытқа жазып береді.

Денсаулық сақтау министрлігі ПЭТ/КТ зерттеуі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіретінін еске салды.

«Дәрігерден жолдамасы бар әрбір пациент бұл зерттеуден ешқандай қаржылық шығынсыз өте алады. Бұл ауруларды дер кезінде анықтап, емдеуде, әсіресе күн санаулы болғанда, өте маңызды», – деді министрлік өкілдері.

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ

Жақын арада Қазақстанда алғаш рет бала көтерген әйелдерге арналған жаңа скрининг енгізіледі.