Ресей мен АҚШ тұтқын алмасуға дайын – келіссөздер басталды

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев АҚШ-пен тұтқын алмасу туралы келіссөздер жайлы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев 18 қараша күні америкалық Axios басылымына берген сұхбатында АҚШ-пен гуманитарлық мәселелер бойынша, соның ішінде тұтқын алмасу туралы келіссөздер жүргізілгенін мәлімдеді. Алайда жақын арада нақты әрекеттер жоспарланып отырған жоқ.

Басылым нақты дереккөзге сүйене отырып, бұл ақпаратты америкалық шенеунік растап, АҚШ алмасуға дайын екенін, бірақ әзірге ешқандай келісімге қол жеткізілмегенін атап өтті.

– Мен кейбір америкалық шенеуніктермен және Трамп командасының мүшелерімен гуманитарлық мәселелер бойынша, соның ішінде тұтқын алмасу жайлы кездестім. Бұл бағытта америкалық тарап жұмыс істеп жатыр, – деді Дмитриев телефон арқылы берген сұхбатында.

Америкалық тараптың дереккөзіне сүйенсек, Дмитриевпен кездескендердің қатарында Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф та болған.

РЕСЕЙ ТҮРМЕЛЕРІНДЕГІ АМЕРИКАЛЫҚТАР

Axios мәліметінше, Ресейде кемінде сегіз АҚШ азаматы қамауда отыр. АҚШ-та қанша ресейлік тұтқында екені нақты айтылмаған. Басылым дереккөзі Ресей бұл алмасу арқылы «ізгі ниет танытып, елдер арасындағы сенімді нығайтуды» көздеп отырғанын жеткізді.

Axios Ресейде қамауда отырған сегіз америкалықтың есімдерін атады. Олардың қатарында ұрлық және адам өлтіремін деп қорқытқаны үшін сотталған америкалық сарбаз Гордон Блэк, сондай-ақ Украинада Ресей армиясы тұтқынға алған, «жалдама жауынгерлік» бабы бойынша айыпталған 73 жастағы Стивен Джеймс Хаббард бар.

ТҰТҚЫН АЛМАСУ ӘРЕКЕТТЕРІ

АҚШ пен Ресей арасындағы алдыңғы тұтқын алмасулар 11 ақпан мен 10 сәуірде өткен. Соңғы алмасу нәтижесінде АҚШ-та Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге көмектесті деген айыппен ұсталған Артур Петров Ресейге қайтарылды. Ал Ресей түрмесінен АҚШ азаматы Ксения Карелина босатылды – ол Украина халқына гуманитарлық көмек пен әскери техника жинайтын қорға 51,8 доллар аударғаны үшін 12 жылға сотталған болатын.