Үкім оқылмай қалғаннан кейін блогер Дамир Көшеевтің соты қайта жалғасты

Ulysmedia
Фото: Ulуsmedia

Блогер Дамир Көшеев және өзге төрт адамның соты Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жалғасып жатыр. Бұған дейін сот үкімі кеңесу бөлмесінің құпиялығы бұзылуына байланысты оқылмай қалған. Оны судья Бақытхан Бәкірбаев алқаби мүшелерінің бірінің сотқа келмей қалуымен түсіндірген, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

19 қарашада өткен сот процесі қайта жасақталған алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр. Түске дейінгі сот процесінде айыпталушылардың қорғау тарабы бірнеше өтінішхат түсірді. Олар іске тіркелген фото-видеоларға сараптама жасауды,  іс бойынша жәбірленуші деп танылған Бахтияр Блаевтың қарындасы мен әкесін сотқа шақырып, жауап алу сияқты өтініштер бар. Кейінгі өтінішхатқа Блаевтің қорғау тарапы қарсылық білдірді. Судья өтінішхатты ашық күйінде қалдырды.

Іс бойынша блогер Дамир Көшеев, Руслан Кәрімов, кәсіпкерлер Андрей Белянский мен Құрманғазы Айтмұқановқа қылмыстық кодекстің 194-бабының 4-бөлігі «Адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бопсалау» бойынша айып тағылған.

Айыптау актісі бойынша, сотталушылар Бақтияр Блаевты әлеуметтік желілерде бейнероликтер жариялаймыз деп бопсалап, 30 миллион теңге талап еткен.

Сотталушылар кінәсін мойындамады, істі «ойдан шығарылған» деп есептейді. Бұған дейінгі сот процесінде Дамир Көшеев сотта «саяси тапсырыстың құрбаны болдым» деп мәдімдеген. Ол мұны «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі белсенді азаматтық ұстанымым үшін кек алу» деген.