Елде азаматтық-құқықтық келісім арқылы жұмыс істеу шектелмек

Динара Жарқынбек
Ашық дереккөзден

Мәжілісте жұмыс берушілердің еңбек шартын айналып өтіп, азаматтармен азаматтық-құқықтық келісім жасасу тәжірибесіне нүкте қою мәселесі көтерілді. Депутаттар мұндай келісімдер жұмысшыларды негізгі әлеуметтік кепілдіктерден толық айыратынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бірінші оқылымда қаралған заң жобасына қатысты депутат Асхат Аймағамбетов көптеген жұмыс берушінің шығынды азайтып, әлеуметтік міндеттемелерден қашу үшін еңбек шартын емес, азаматтық-құқықтық келісім (ГПХ) рәсімдейтінін атап өтті.

- Мұндай жағдайда қызметкер еңбек тәртібіне бағынады, графикпен жұмыс істейді, басшысы бар. Бірақ қағаз жүзінде ол — “қызметкер” емес, “мердігер”. Бұл әлеуметтік кепілдіктерден толықтай айырады, — деді Аймағамбетов.

Депутаттың айтуынша, азаматтық-құқықтық келісім бойынша жұмыс істейтін азаматтар ақы төленетін демалыс ала алмайды, әйелдерге босану және бала күтімі бойынша демалыс берілмейді, зейнетақы жарналары толық аударылмайды, сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыруға да қол жеткізе алмайды.

Оның айтуынша, енді бұл тәжірибеге қатаң шектеу қойылады. Егер еңбек қатынасында еңбек шартына тән кем дегенде бір белгі болса, азаматтық-құқықтық келісім жасауға тыйым салынады.

Депутат Арман Қалықов та бастаманы қолдап, қандай жағдайда азаматтық-құқықтық келісім еңбек шарты ретінде танылатынын нақтылауды сұрады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші вице-министрі Аскарбек Ертаевтың айтуынша, Еңбек кодексінің 27-бабына сәйкес еңбек шартының негізгі үш белгісі бар: қызметкердің белгілі бір мамандық немесе біліктілік бойынша жұмыс атқаруы, міндеттерді басшылыққа бағына отырып жеке орындауы және тұрақты жалақы алуы.

- Егер азаматтық-құқықтық келісім осы белгілердің біріне сәйкес келсе, онда ол міндетті түрде еңбек шарты ретінде рәсімделуі қажет. Мұны алдымен жұмыс берушінің өзі тексеруге тиіс. Ал мемлекеттік бақылауды еңбек инспекциясы жүргізеді, — деді ол.

Вице-министр қазір елде еңбек шарттарын тіркейтін бірыңғай жүйе жұмыс істейтінін, онда азаматтық-құқықтық келісімдер де мониторинг үшін жүктелетінін айтты.

- Жүйеде шамамен 300 азаматтық-құқықтық келісім бар. Егер инспекция олардың ішінде еңбек шартына тән белгілерді көрсe, жұмыс берушіге оларды еңбек шартына ауыстыру туралы нұсқама беріледі, — деді Ертаев.

Депутаттар бұл өзгерістер қабылданса, он мыңдаған азамат толық әлеуметтік және еңбек кепілдіктеріне қол жеткізетінін атап өтті.