ҰБТ мүлде жойылуы мүмкін

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда Бірыңғай ұлттық тестілеудің жаңа форматы енгізіледі. Талапкерлер дәстүрлі тестті немесе шетелде мойындалатын жаңа тестті тапсыруды өздері таңдай алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстанда талапкерлерге әлемнің кез келген жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін тест әзірленеді. Қазіргі уақытта бұл жоба әзірлеу кезеңінде. Министр бұл ұзақмерзімді жоба екенін айтып, сондықтан бүгін де, 2026 жылы да қазақстандық ата-аналар мен мектеп оқушыларына алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді.

«Біздің тестологтар бұл тест жоғары оқу орнына түсу үшін әмбебап мойындалатын форматта болғанын қалайды. Алдын ала жоспарымыз бойынша, біз бұл жаңа тестті әзірлеуге кемінде тағы бір жыл жұмсаймыз. Бұл, менің ойымша, кемінде 2027 жылдан бастап қана іске асады. Осы жаңа тестпен сіздер шетелдік университеттерге де, Қазақстан аумағында ашылған олардың филиалдарына да түсе аласыздар», – деді Саясат Нұрбек.

Осы жоспарды жүзеге асыру үшін қазақстандық мамандар Educational Testing Service (Білім беру тестілеу қызметі) ұйымының штаб-пәтерінде оқудан өтеді.

Educational Testing Service (ETS) — бұл білім беру және кәсіби даму үшін стандартталған тесттер мен бағалау жүйелерін әзірлеуге маманданған жетекші коммерциялық емес ұйым. Компания 75 жылдан астам уақыт бұрын құрылған. 

ТЕСТІЛЕУГЕ СЕНІМСІЗДІКПЕН ҚАРАЙДЫ

Саясат Нұрбектің айтуынша, бүгінде кейбір шетелдік жоғары оқу орындары қазақстандық Бірыңғай ұлттық тестілеуге сенімсіздікпен қарайды. Сондықтан басқа елдердің оқу орындарында мойындалатын халықаралық тест қажет.

«Барлығы талапкерлердің, ата-аналардың, мектептердің мүддесін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алаңдауға еш негіз жоқ, бұл – аса жауапты жоба, біз оған өте мұқият дайындалып жатырмыз. Бір жыл дайындық болды, енді бір жыл әзірлеуге және таңдау жасауға арналады», – деп қосты министр.

ҰБТ ЖОЙЫЛУЫ МҮМКІН

Ол дәстүрлі форматтағы Бірыңғай ұлттық тестілеу қажеттілік жойылғанға дейін өткізіле беретінін атап өтті.

«Уақыт өте келе, біздің жоспарымыз бойынша, егер студенттердің көбі жаңа тестті таңдап, “Маған енді бұл Бірыңғай ұлттық тестілеу қажет емес” десе, онда оның қажеттілігі жойылуы мүмкін», – деді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша, халықаралық тест оқушының тек жаттап алған білімін ғана емес, сонымен қатар оның әлеуметтік белсенділігін, логикалық және сыни ойлау қабілетін, функционалдық сауаттылығын да бағалайды.