Тайвань үшін тартыс: Бейжің мен Токио арасында дипломатиялық дау

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Қытай Сыртқы істер министрлігі Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити Тайвань туралы «қате мәлімдемелерінен» бас тартпаса, Қытайдың «басқа амалы қалмайтынын» және «қосымша шаралар қабылдайтынын» мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл туралы Қытай СІМ өкілі Мао Нин 19 қараша, сәрсенбі күні өткен күнделікті брифингте айтты. Оның сөзін Reuters агенттігі келтіреді. Мао Ниннің айтуынша, егер Такаити «қате бағытты жалғастырып, арандатушы мәлімдемелерінен» бас тартпаса, Қытай «қатаң әрі шешімді» әрекет етеді.

Мао Нин Жапонияны екіжақты қарым-қатынастың «саяси негізін» қорғау үшін нақты шаралар қабылдауға шақырды. Ол Такаитидің мәлімдемелері Қытай мен Жапония арасындағы қарым-қатынасқа «негізді зиян келтіргенін» атап өтті.

Брифинг барысында Мао Нин Қытайдың жапон теңіз өнімдерін импорттауға тыйым салуын да түсіндірді.

«Қазіргі жағдайда жапон теңіз өнімдері Қытай нарығында сұранысқа ие болмас еді, тіпті экспорт сақталған күннің өзінде», – деді ол.

ТАКАИТИ НЕ ДЕГЕН ЕДІ

7 қарашада парламент депутаттарының сұрақтарына жауап берген Санаэ Такаити (қазан айының соңында Жапония тарихындағы алғашқы әйел премьер-министр атанған) Қытай Тайваньға шабуыл жасаса, бұл Жапонияның «өмір сүруіне қауіп төндіретін жағдай» ретінде бағалануы мүмкін екенін айтты. Бұл термин Жапония заңнамасында бар және егер басқа елге шабуыл Токиоға да қауіп төндірсе, Жапония армиясының шетелде әрекет етуіне мүмкіндік береді.

«Егер әскери кемелер қолданылып, күш көрсетілсе, бұл ұлттың өмір сүруіне қауіп төндіретін жағдай ретінде қарастырылуы мүмкін», – деп келтіреді Mainichi Shimbun газеті Такаитидің сөзін.

ҚЫТАЙ МЕН ЖАПОНИЯНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

Қос тарап бір-біріне ресми наразылық ноталарын жолдады. Қытай СІМ орынбасары Сунь Вэйдун Жапония елшісін шақырып, «қорлайтын мәлімдемелерді» қайтарып алуды талап етті. Ал Жапония үкіметі Қытайдың Осакадағы бас консулы Сюэ Цзяньнің әлеуметтік желідегі қорқытуына байланысты наразылық білдірді. Сюэ Цзянь Такаитидің сөзін сынап, «өзгенің ісіне араласқан лас басты шабу керек» деген жазба жариялаған. Кейін бұл жазба өшірілді.

Қытай билігі азаматтарын Жапонияға барудан бас тартуға шақырды. Осыдан кейін Қытайдың мемлекеттік әуе компаниялары клиенттерге броньды тегін жою мүмкіндігін ұсынды. Сонымен қатар, Қытай Білім министрлігі Жапониядағы қытайлық студенттер үшін «оқу ортасының нашарлағанын» айтып, Жапонияда оқуды жоспарлап отырғандарға қауіпсіздік жағдайын мұқият бақылауға кеңес берді.

ЖАПОН ҮКІМЕТІНІҢ ЖАУАБЫ

Санаэ Такаити өз сөзінен бас тартпады, оның айтуынша, бұл – үкіметтің дәстүрлі ұстанымына сай келеді. Қытай СІМ бұл жауапқа:

«Жапония қателігін мойындамай, сөзінен бас тартудан бас тартып отыр. Бұл мәлімдемелер мен әрекеттер “Бір Қытай” қағидасын, төрт қытай-жапон саяси құжатының рухын және халықаралық қатынастардың негізгі нормаларын өрескел бұзады», – деп жауап берді.

Жапония Министрлер кабинеті бас хатшысы Минору Кихара Жапонияның Тайваньға қатысты ұстанымы өзгермегенін және 1972 жылғы Жапония мен Қытайдың бірлескен мәлімдемесіне сәйкес екенін айтты. Бұл құжатта Жапония Қытай Халық Республикасының үкіметін «Қытайдың жалғыз заңды үкіметі» ретінде мойындап, дипломатиялық қатынастарды қалпына келтірген.