Польша теміржолдағы диверсиядан кейін маңызды инфрақұрылымды қорғау үшін 10 мың әскерді жұмылдырып, «Горизонт» операциясын іске қосады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ауқымды операция 21 қарашада басталады
Польша ел аумағындағы стратегиялық маңызы бар нысандарды қорғау үшін 10 мыңға дейін әскери қызметкерді орналастыратынын жариялады. Бұл шешім Варшава – Люблин теміржол желісінде болған жарылыстан кейін қабылданды. Биліктің нұсқасы бойынша, бұл оқиғаға Ресейдің арнайы қызметтері қатысы болуы мүмкін. PAP агенттігінің хабарлауынша, «Горизонт» кодты операциясы 21 қарашада басталып, бүкіл елді қамтиды. Қорғауға әуежайлар, байланыс желілері және өзге де стратегиялық нысандар алынады.
Операция мақсаты туралы шенеуніктер не деді?
Қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыш пен ішкі істер министрі Марцин Кервиньскийдің айтуынша, әскерилер полиция, теміржол күзеті және басқа да қызметтермен бірлесіп жұмыс істейді. Ішкі істер министрі Польша азаматтарды қорғау үшін «барлық ресурстарды» пайдаланып жатқанын атап өтті:
- Қазір көптеген сарапшы біз соғыс та емес, бейбіт кезең де емес уақытты бастан өткеріп жатқанымызды айтады… Гибридті қауіп-қатер жағдайында барлық мемлекеттік қызметтердің күшін біріктіруіміз керек.
Кервиньский операцияның негізгі мақсаты – қоғам мен инфрақұрылымға сыртқы ықпал ету әрекеттерінің алдын алу екенін айтты.
Қандай нысандар ерекше бақылауда болады?
Польша Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал Веслав Кукула диверсияға ең осал нүктелерге айрықша назар аударылатынын жеткізді. Әскери бөлімдер бақылауды күшейтіп, патрульдеуді арттырады және азаматтық құрылымдармен бірлесіп ықтимал қауіптерді анықтауға ден қояды. Польша билігі теміржолдағы жарылысқа қатысты тергеуді жалғастырып жатыр. Ресми мәлімет бойынша, бұл әрекет елге қарсы жасалған дұшпандық қадамдардың бір бөлігі болуы мүмкін.