Украина президенті Владимир Зеленский Трамптың бейбітшілік жоспары бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желілерде жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Зеленский Франция президенті Эммануэль Макронмен, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен және Германия федералдық канцлері Фридрих Мерцпен бірлескен әңгіме өткізгенін айтып, олардың «Украинаны принципті түрде қолдағаны үшін» алғыс білдірді.
«Украина мен бүкіл Еуропаға арналған бейбітшілік жоспарын талқыладық. Бұл соғысты аяқтау үшін АҚШ-тың, президент Трамп пен оның командасының күш-жігерін бағалаймыз. Америкалық тарап дайындаған құжатпен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл шынайы әрі лайықты бейбітшілікті қамтамасыз ететін жоспар болуы тиіс. Негізгі ұстанымдардың ескерілетініне тығыз үйлестіру жүргізіп жатырмыз. Келесі қадамдарды келісіп, тиісті деңгейдегі командалардың бірге жұмыс істейтініне уағдаластық», — деп жазды Украина президенті.
БҰҒАН ДЕЙІН
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Украинадағы соғысын тоқтатуға арналған жаңа жоспар жобасын алғаны хабарланған еді. Бұл жоспарды АҚШ қолдаған, ал Зеленский алдағы күндері АҚШ президенті Дональд Трамппен келіссөз өткізуді жоспарлап отыр.
Украина халық депутаты Алексей Гончаренко Telegram-арнасында соғысты тоқтатуға арналған жоспардың 28 тармағын жариялады. Құжатта аумақтық мәселелер, елді қалпына келтіру және оның саяси мәртебесі қамтылған.