Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (АЭХА) Қиыр Шығыс өңірлік тобына Қазақстанды қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (АЭХА) Қиыр Шығыс өңірлік тобына Қазақстанды қабылдау бойынша агенттіктің басқарушылар кеңесінің отырысында жарияланған шешімді құптады.
Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстанның өңірлік топқа кіруі – агенттіктің жарғысына және еліміздің бастамасымен қабылданған АЭХА бас конференциясының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі GC(67)/RES/15 қарарына сәйкес мемлекеттердің АЭХА-дағы егемендік теңдігін қалпына келтіру мәселесіндегі маңызды қадам.
Сонымен бірге бұл Астананың бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікке қолдау көрсетуге, ядролық қарусыздану мен таратпау режимін нығайтуға бейілділігін растайды.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Мүше мемлекеттердің АЭХА-дағы егеменді теңдікті қалпына келтірудегі іс-жігерін жоғары бағалаймыз және Қиыр Шығыс тобына қатысушы мемлекеттеріне қолдау мен жоғары сенім үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бұл шешім Қазақстанға АЭХА басқарушы органдарының жұмысына толыққанды қатысуға мүмкіндік береді. Мемлекетіміз жаппай қырып-жою қаруы тәуекелдерінен азат әлем құруға бағытталған халықаралық іс-әрекеттердің белсенді қатысушысы ретінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға, ядролық технологияларды жауапкершілікпен қолдануға және сенім мен транспаренттіктің халықаралық механизмдерін нығайтуға өзінің конструктивтік үлесін әрі қарай ұсынуға әзірлігін білдіреді, – делінген хабарламада.