Сауда және интеграция министрлігі биылғы 10 айда тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялады. Бұл туралы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Болат Таңабергенов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Болат Таңабергеновтің айтуынша, өңірлік департаменттер осы кезеңде 1080 тексеру және 31 профилактикалық бақылау жүргізген.
Нәтижесінде 696 кәсіпкерлік субъектісіне 23 млн теңге көлемінде айыппұл салынса, 347 бизнес өкіліне ескерту түрінде шара қолданылған.
- Қабылданған шаралар нәтижесінде биылғы 10 айда тұтынушылардың құқықтары жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеге қорғалды, - деді.
АҚША ӨНДІРУ
Комитеттің мәліметінше, қабылданған шаралардың арқасында 10 ай ішінде тұтынушылардың 2,2 млрд теңгесі өндірілді. Мәселен, тиісті емес тауар сату фактілері бойынша 51 автокөлік сатып алушының 810 млн теңгеге құқығы қалпына келтірілді, үлескерлер мен тұрғын үй сатып алушылардың 258 млн теңге көлеміндегі талаптары шешілді. Сондай ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 31,1 млн теңгеге тұтынушылардың мүддесі қорғалды.