Бір жылда халық шағымы үш есе көбейген

Динара Жарқынбек

Қазақстанда тұтынушылар өз құқығын қорғау үшін мемлекеттік органдарға бұрынғыдан үш есе жиі жүгінетін болды. Ең көп шағым бөлшек және онлайн саудаға, сондай-ақ тұрмыстық қызметтерге қатысты түсуде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Болат Таңабергеновтің айтуынша, соңғы жылдары азаматтардың белсенділігі айтарлықтай артқан.

«Егер 2020 жылы уәкілетті органға 21 мың өтініш түссе, 2024 жылы олардың саны 62,5 мыңға жетті. Ал биылғы 10 айдың өзінде шамамен 68 мың шағым тіркелді» – деді ол

Шағымдардың басым бөлігі бөлшек саудаға, интернет-саудаға және тұрмыстық қызметтерге қатысты түскен.

Бұған қоса, бірқатар салаларда арыз саны күрт өскен. Мысалы, білім беру қызметтеріне қатысты шағымдар 234 пайызға артқан: 2025 жылы 1 580 өтініш, 2024 жылы – 676 өтініш. Қоғамдық тамақтану саласында да өсім байқалады: 2025 жылы 2 485 шағым, 2024 жылы 1 267 болған.

«Тұтынушылардың талапшылдығы артқан сайын, сапаға деген жауапкершілік те күшейеді. Бұл мемлекеттік органдар, бизнес және қоғам тарапынан бірлескен әрекетті талап етеді» – деп атап өтті Таңабергенов. 

Комитет дерегінше, барлық шағымның 37% толық қанағаттандырылған. Тағы 34% түсіндіру мен кеңес берілген, ал 23% бойынша материалдар басқа мемлекеттік органдарға жолданған.